Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірі – RAMS City тұрғындары ұжымдық видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, мәселенің туындауына өкілеттік мерзімі бір жылдан астам уақыт бұрын аяқталған Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) бұрынғы төрағасымен арадағы келіспеушілік себеп болған. Олар бұрынғы төрағаның өкілеттігін өткізуден бас тартуы заңды түрде сайланған жаңа басқару органын тіркеуге және кондоминиумның ортақ мүлкін толыққанды басқаруды қалпына келтіруге мүмкіндік бермей отырғанын мәлімдеді.
Бастамашыл топтың мәліметінше, заң талаптарына сәйкес 1297 пәтер иесі, яғни барлық меншік иелерінің 51 пайыздан астамы жаңа МИБ құрамын, үй кеңесін, тексеру комиссиясын және жаңа төрағаны сайлаған. Алайда бұрынғы төраға заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы өкілеттікті бермегендіктен, жаңадан сайланған басқару органын мемлекеттік тіркеуден өткізу мүмкін болмай отыр.
Тұрғындардың сөзінше, осы жағдайдың салдарынан тұрғын үй кешенінде бірқатар өзекті мәселелер шешілмей келеді.
Атап айтқанда, жылыту маусымына дайындық туралы расталған акт жоқ, электрмен жабдықтаудың резервтік кабелі апаттық жағдайда тұр, автотұрақтарды су басу мәселесі сақталған. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері, өрт сөндіру және автоматты өрт дабылы жүйелері толық жұмыс істемейді.
Сондай-ақ тұрғындар кешен аумағында қауіп төндіретін учаскелер бар екенін, ортақ мүліктің талапқа сай күтіп ұсталмайтынын алға тартады. Ал коммерциялық үй-жайлардың иелері электр энергиясының мезгіл-мезгіл өшуінен шығынға ұшырап отырғандарын айтады.
Тұрғындардың мәліметінше, бұл мәселеге байланысты сотқа, прокуратураға, полицияға, министрлікке, Әділет департаментіне, тұрғын үй инспекциясына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға, «Алсеко» компаниясына және басқа да мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінген.
Алайда олардың айтуынша, нақты шешімнің орнына мемлекеттік органдар өтініштерді бір мекемеден екіншісіне жолдап, формалды жауаптармен шектеліп келеді.
Тұрғындар өз талаптарының заң аясында және бейбіт сипатта екенін атап өтті. Олар Қазақстан Республикасының заңнамасының орындалуын қамтамасыз етіп, заңды түрде сайланған басқару органын тіркеуге мүмкіндік беруді сұрады.
Бастамашыл топтың пікірінше, бұл мәселе 2 442 пәтер иесі мен 118 коммерциялық нысан иесінің мүддесіне тікелей әсер етеді.