Украина президенті Владимир Зеленский Ресей тарапынан төнген агрессия мен одан әрі кеңеюге бағытталған жоспарлар бүкіл әлем қауіпсіздігін қатерге тігіп отырғанын мәлімдеді.Бұл туралы Владимир Зеленский CBS News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ РБК-Украина-ға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жаңа деңгейге ұласуы мүмкін екенін алға тартты. Егер Украина өз одақтастарының көмегімен агрессордың алға жылжуына қарсы тұра алмаса, соғыс ауқымы ұлғая түсуі мүмкін екенін ескертті.
Біз мықты қарсы тұрмасақ, ол (Ресей президенті Владимир Путин) әрі қарай да алға басады, - деді Зеленский.
Президент бұл сөздердің жай болжам немесе құр қауіп емес екенін атап өтті.
Бұл – шынайы қауіп. Путиннің түпкі мақсаты – Ресей империясын қайта тірілтіп, қазіргі таңда НАТО-ның қорғауындағы аумақтарды қайтару. Осындай жағдайларды ескере отырып, мен бұл соғыс әлемдік қақтығысқа ұласуы мүмкін деп есептеймін, - деді Украина басшысы.
Сондай-ақ ол былай деп толықтырды.
Ондай жағдайда әлемде қауіпсіз орын қалмайды. Ешкім өзін қауіпсізбін деп айта алмайды, - дейді ол.
Путиннің НАТО-ға қарсы соғысқа әзірлігі туралы
Айта кетсек, түрлі елдердің барлау қызметтері Ресей президентінің Еуропадағы әскери агрессияны кеңейтуге ниетті екенін бірнеше рет ескерткен болатын.
Мысалы, Германияның барлау мәліметтері бойынша, Кремль Батыспен арадағы қақтығысты жүйелі түрде қарастырып, өз мақсаттарына жету үшін әскери күш қолдануға дайын. Бұл құжатта Ресейдің осы онжылдықтың соңына дейін дәстүрлі ауқымды соғыс жүргізуге толық дайын болуы мүмкін екені айтылған.
Алайда Литваның Мемлекеттік қауіпсіздік департаменті (VSD) әзірге Кремльдің НАТО-ға тікелей шабуыл жасау мүмкіндігі шектеулі екенін алға тартады. Дегенмен Ресей бір немесе бірнеше НАТО елдеріне қарсы шағын әскери операция жүргізіп, Альянстың жауабы қандай болатынын байқап көруі мүмкін деген жорамал да айтылды.
Бұған дейін Литва президенті Гитанас Науседа Ресейдің бірнеше жылдан кейін жаңа шабуыл жасау қаупі бар екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Литвада қорғанысқа дайындалуға шамамен төрт-бес жыл ғана уақыт бар.
Сондай-ақ, Литваның Сыртқы істер министрі Кястутис Будрис НАТО елдерінің барлау қауымдастығы Ресейді Солтүстік Атлантикалық одаққа ұзақмерзімді әскери қауіп ретінде қарастырып отырғанын айтқан. Демек, бұл қауіп тек Еуропа үшін ғана емес, АҚШ-ты да қамтитын бүкіл одақтас жүйенің қауіпсіздігіне төнеді.