Қазақстанда Дүниежүзілік креатив күні аясында алғаш рет Ұлттық креатив фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фестиваль 21-26 сәуір аралығында Астана, Алматы, Атырау, Өскемен, Павлодар және басқа да қалаларда өтеді.
Ұлттық креатив фестивалінің мақсаты – ел тұрғындары мен қонақтарына іс-шараның қатысушыларымен танысуға мүмкіндік беру және креативті индустрияның дамуын қолдау.
Креативті индустриялар департаментінің директоры Гүлісхан Нахбаева елімізде бұл сала қалай дамып жатқанына тоқталды.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын қолға алып жатыр. Атап айтқанда, заң жобалары қаралып жатыр. 10 қаңтарда Президент креативті индустрияны дамытуға арналған нормаларды қарастыратын заңға қол қойды. Енді биыл арнайы қор құрылады. Сондай-ақ уәкілетті органдардың құзыреті ұлғайды. Өңірлерде креативті индустрияға арналған креативті орталықтар ашылып жатыр. Қазіргі таңда 14 орталық бар. Жыл соңына дейін тағы 6 креативті орталық ашу жоспарланып отыр. Олар Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Алматы және басқа да облыстарда ашылады, - деп айтты директор.
Оның сөзінше, басты мақсат – креативті орталықтарды таланттарды үйлестіретін, таланттарға көмектесетін орталыққа айналдыру.

Гүлісхан Нахбаева Мәжілісте қаралып жатқан тағы бір заң жобасында креативті индустриядағы субъектілерге көрсетілетін қолдау шаралары қарастырылып жатқанын атап өтті.
Креативті индустрия 43 экономикалыққызмет түрімен көрсетілген. Олардың арасында музыка, кино, IT, анимация, дизайн, мода, халық өнері бар. Алматы қаласында ең көп субъектілер орналасқан. Елімізде кино және анимация, музыка, халық өнері және IT саласындағы креатив өндірісі жақсы дамып келеді. Бізде ең көп таланттар осы бағыттарда шоғырланған. Жалпы субъектілер санының 25-28%-ын қолөнершілеріміз құрап отыр, - деп түсіндірді ол.
Қазақстанда креативті индустрия дамыған өңірлер:
Алматы қаласы – 13 398
Астана қаласы – 8 467
Шымкент – 2 416
Қарағанды облысы – 2 161
Алматы облысы – 1 788
Қазақстанда тіркелген субъектілер саны:
Халық қолөнері – 12 660
IT және ойын дамыту – 9 789
Сәулет және сән – 7 615
Мәдени-демалыс мекемелері – 4 481
Фотография – 3 464
Кино және анимация – 2 695
Зергерлік бұйымдар жасау - 673
Конференциялар мен көрмелерді ұйымдастыру - 653
Музыка – 451
Телебағдарламалар - 358
Кітапханалар, мұражайлар - 44
Мәдени мұра – 39
2024 жылғы дерек бойынша 50%-дан аса креативті индустрия субъектілері Астана және Алматы қалаларында орналасқан.
Продюсер Дана Ізбасар жасөспірімдерге кино түсіруді үйреді. Қазір оның елордада 10 шақты жасөспірімнен құралған командасы бар. Сөзінше, жасөспірімдер өздері сериалдар, қысқаметражды фильмдер түсіреді.

Былтыр мамырда Қазақстандағы ең алғашқы толықметражды фильмді таныстырдық. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті. Енді қазір екінші толықметражды фильмімізді дайындап жатырмыз. Басты мақсат – жасөспірімдер арасындағы профилактикалық жұмыстар жүргізу, жасөспірімдерді оятып, оларға мотивация беріп, креативті индустрияда ақша табуға болатынын түсіндіру. Қазір командамыздағы балалар жақсы табыс тауып жүр, - деді продюсер.
Оның сөзінше, продюсердің үш оқушысы шетелдерде білімін жалғастырып жатыр.
Бізде креативті индустрияны қарқыны дамытуға мүмкіндік бар. Енді креаторларға қолдау болса, Қазақстанның креативті индустриясын дамытуға болады. Мысалы, қолөнершілердің биіктен көрінуіне мүмкіндік жетерлік. Қазір бұл трендке айналып жатыр. Бүкіл әлем біздің киімімізді киіп, үлгі ретінде көрсетіп жатыр, - деп айтты ол.
Продюсер елімізде кино саласы дамып келе жатқанын қоса кетті.