Ақтөбеде 2018-2020 жылдар аралығында үлескерлерден 421 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған "Жилище" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қалалық №2 соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыппен сотталушыға қатысты қылмыстық істі қарады. Нәтижесінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады.
Сондай-ақ 3 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырды.
Сотталушы бұған дейін 2018-2020 жылдар аралығында "Жилище" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарып, үлескерлерден ақша жинаған. Баспана салып берудің орнына тұрғындарды алдап, олардың сенімін теріс пайдаланған. Сол арқылы жалпы сомасы 421 955 004 теңге көлемінде ірі мөлшерде ақша жымқырған. Қазір бұл қылмыстық іс бойынша 75 адам сотқа материалдық залалды өндіру туралы талап қойды. Бүгінде олардың талап қою құқығы қаралып, азаматтық іс жүргізу тәртібімен сот қарауына беру шешілді, - дейді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы Жансая Таирова.
Оның айтуынша, сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындаған.
Айта кету керек, бұған дейін де Ақтөбе облысында үлескерлерден үй салып беремін деп ақша жинап, қаражатты жеке пайдасына жұмсаған компания өкілдері сотталған болатын.