Үндістан мен Пәкістан қақтығысы: Аймақта не болып жатыр?

25 Сәуір 2025, 10:51
2205
Бөлісу:
Үндістан мен Пәкістан қақтығысы: Аймақта не болып жатыр?
Фото: pixabay.com

Осы аптада Пахалгаме қаласында 26 турист қаза тапқаннан кейін Үндістан бұл шабуылға Пәкістанды айыптады. Осы оқиғадан соң екі ел арасындағы жағдай күрт ушығып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Үндістан Пәкістанмен әуе қатынасы мен сауданы тоқтатты. Дипломаттарды елден шығарып, Инд өзеніне қатысты су келісімінен шығатынын жария етті. Ал Пәкістан су ресурстарын бұғаттауға кез келген әрекетті соғыс жариялау деп есептейтінін ескертті.

Үндістан полициясы үш күдікті содырдың атын жариялады. Олардың екеуі – пәкістандық.

Сәрсенбі кешке Үндістан Пәкістанмен дипломатиялық қатынастардың деңгейін төмендетіп, елшіліктердегі қызметкерлер санын екі есе қысқартты. Сондай-ақ, екі ел арасындағы жалғыз құрлық шекара өткелі жабылды. Үндістан 1960 жылы қол қойылған Инд өзеніне қатысты су келісімін тоқтатты. Оңтүстік Азия аймақтық ынтымақтастық қауымдастығы аясында Пәкістан азаматтарына берілген визалар үш күн ішінде жойылмақ.

Кеше бейсенбіде Пәкістан да қарсы шараларды қабылдады:

– Үндістан азаматтарына виза беруді тоқтатты (тек сикх қажыларына рұқсат сақталады),
– үнділік әскери кеңесшілерді елден шығуға бұйрық берді.

Пәкістан Үндістанға тиесілі немесе Үндістан басқаратын барлық әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапты. Вагах шекара бекеті де жабылып, барлық сауда, оның ішінде транзиттік тасымал да тоқтатылды.

Пәкістан билігі Инд өзенінен су жіберуді тоқтатуға кез келген әрекетті "соғыс әрекеті" деп қабылдайтынын және оған тиісті жауап берілетінін мәлімдеді.

Пәкістанның ресми мәлімдемесінде Үндістан тарапынан шабуылға қатысты "нақты тергеу және дәлелденген айғақтардың жоқтығы" айтылып, Үндістанның бұл шабуылды Пәкістанмен байланыстыру әрекеттері "жосықсыз әрі қисынсыз" деп бағаланды.

Бұған дейін Үндістанның Кашмир аймағындағы танымал туристік бағыт – Пахалгамда белгісіз қарулы адамдар бейбіт туристерге оқ жаудырып, 20-дан астам адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз. Осы оқиғадан кейін Үндістан Пәкістанмен шекарадағы басты өткелді жапты.

Белгілі болғандай, Үндістан Пәкістанмен арадағы атысты тоқтату туралы келісімнен шығуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы