Үндістанның Кашмир аймағындағы танымал туристік бағыт – Пахалгамда белгісіз қарулы адамдар бейбіт туристерге оқ жаудырып, 20-дан астам адам қаза тапты. Ондаған адам жарақат алып, кейбірінің жағдайы ауыр деп хабарлады жергілікті билік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Шабуыл Байсаран жайлауында, Пахалгамнан 5 шақырым жерде болды. Бұл оқиға – соңғы онжылдықтардағы туристерге қарсы жасалған ең ірі шабуылдардың бірі.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди шабуылға байланысты Сауд Арабиясындағы сапарын үзіп, қастандық жасағандар міндетті түрде жауапқа тартылатынын айтты.
АҚШ, Ресей және Еуроодақ басшылары бұл шабуылды лаңкестік әрекет деп атап, үнді халқына көңіл айтты.
Шабуылға жауапкершілікті әзірге ешбір топ өз мойнына алған жоқ. Елдің Ішкі істер министрі Амит Шах оқиға орнына арнайы барды, аймақта қауіпсіздік күшейтілді, іздестіру операциясы жүргізілуде.
Кашмир – Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ. Бұл жерде 1989 жылдан бері қарулы қақтығыстар жалғасып келеді. Үкіметтің мәліметінше, соңғы жылдары қауіпсіздік жағдайы жақсарғанымен, шабуылдар әлі де тоқтаған жоқ.
2024 жылы аймаққа 3,5 миллионнан астам турист келген.