Жамбыл облысындағы жеке үйлердің бірінің ауласында төтенше жағдай болған. Кішкентай бала аулада 13 жасар ағасымен бірге ойнап жүріп, абайсызда бассейнге құлап кеткен. Бұл уақытта анасы үй ішінде кіші баласын емізіп отырған.
Қордайда дәрігерлер 1 жас 7 айлық бүлдіршіннің өмірін аман алып қалды
Жамбыл облысының Қордай ауданында жүрек тебірентерлік оқиға орын алды. Бір сәттің ішінде қайғылы жағдайға айналуы мүмкін болған оқиға дәрігерлердің жедел, әрі кәсіби әрекетінің арқасында жақсылықпен аяқталды.
Ауқатты ауылдық округінде 1 жас 7 айлық бүлдіршін үй ауласындағы бассейнге абайсызда құлап, суға батып кеткен. Оқиға болған сәтте анасы үй ішінде 7 айлық сәбиін емізіп отырған, ал кішкентай бала аулада 13 жастағы ағасымен бірге қалған.
Арада аз уақыт өткенде үлкен ағасы бауырының бассейн түбінде жатқанын байқап, оны дереу судан шығарып алған. Алайда, сол кезде бүлдіршіннің тынысы тоқтап, денесі көгеріп кеткен еді. Анасы барынша алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, бала есін жимай, жағдайы аса ауыр күйде болған.
Оқиға орнына жеткен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның медицина қызметкерлері бірден шұғыл көмек көрсетуге кірісті. Әр секундтың бағасы адам өмірімен өлшенетін сәтте дәрігерлер жүрек соғысын қалпына келтіру үшін бар күш-жігерін жұмсады. Кейін бүлдіршін жедел түрде Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Мұнда жедел жәрдем және жансақтау бөлімінің мамандары уақытпен жарыса жұмыс істеп, күрделі реанимациялық шараларды жүргізді. Бірнеше медицина қызметкері бірлесе әрекет етіп, ажал аузындағы баланың өмірі үшін күресті, - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің жоғары кәсібилігі, үйлесімді жұмысы және дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде бүлдіршіннің өмірін сақтап қалу мүмкін болды.
Қазір бүлдіршіннің жағдайы тұрақтанып келеді. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдап жатыр. Баласының өмірін сақтап қалған медицина мамандарына отбасы шексіз ризашылығын білдіруде.
Мамандар бұл жағдай барлық ата-аналарға маңызды сабақ болуы тиіс екенін айтады. Балаларды бассейн, арық, су қоймасы секілді су көздерінің маңында бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайды. Өйткені, кейде адам тағдырын бірнеше секунд қана шешеді. Ал сол сәтте дәрігерлердің кәсібилігі мен жанқиярлығы тағы бір кішкентай жүректің соғуын жалғастыруға мүмкіндік берді.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында құтқарушылар екі адамды құдықтан аман алып шықты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Астанада 8-қабаттан секірмекші болған әйел құтқарылды
9-қабаттан құлаған бойжеткен: Алматылық дәрігерлер 17 жастағы қызды аман алып қалды
Жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болады?