Астанада учаскелік полиция инспекторы әйелдің сегізінші қабаттан құлап кетуінің алдын алды.
Оқиға туралы қала тұрғыны хабар берген. Ол көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы балконның қоршауынан асып кеткен әйелді байқап, полицияға қоңырау шалған.
Ақпарат осы әкімшілік учаскеге бекітілген учаскелік полиция инспекторына жеткізілген.
Учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына санаулы минут ішінде жетті. Жағдайды бағамдаған соң, ол бірден әрекетке кірісті. Алдымен сырттан әйелмен сөйлесіп, онымен байланыс орнатуға, сабырға шақыруға және қабатқа көтерілгенше уақыт ұтуға тырысты. Кейін инспектор сегізінші қабатқа көтеріліп, қолайлы сәтті пайдаланып, әйелді балконның сыртқы жағынан қауіпсіз аймаққа тартып шығарды. Қазіргі уақытта әйелдің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Әйелді учаскелік полиция инспекторы Рахметолла Нұрымов құтқарып қалды. Хабарлама түскен кезде ол жақын маңдағы полицияның тірек пунктінде болған. Бұл оған оқиға орнына жедел жетіп, дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам 11-қабаттың терезесінен секіріп кеткені хабарланды.