Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қоғамды толғандырған Талғар ісі: Марқұмның әкесіне тергеу бастала ма?

11 Маусым 2025, 19:46
2053
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Талғар қаласында қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты қозғалған іс төңірегінде қоғамда туындаған жаңа сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс кулуарларында журналистер Шындалиевке марқұмның әкесі – Нұрымов Қаржаубайға қатысты қылмыстық іс қозғалу ықтималдығы туралы сұрақ қойды. Бұған себеп – сотталғандардың туыстары тарапынан көтерілген талаптар.

Мен тек күдіктілердің немесе басқа тұлғалардың туыстарының сөзіне сүйеніп пікір айта алмаймын. Қылмыстық іс қозғау үшін нақты құқықтық негіздер болуы керек. Ал мұндай шешімді тек қылмыстық қудалау органдары қабылдайды, – деп жауап берді Әсет Шындалиев.

Талдықорғандағы сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ

Бас прокуратура өкілі Шындалиев Шерзат Болаттың өліміне қатысты Талдықорғанда өткен сот процесіне де пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл іс бойынша шығарылған үкім әзірге заңды күшіне енбеген.

Барлық тараптарда апелляция беру құқығы бар. Бәрі заң аясында қарастырылады. Маған белгілісі – сот процесіне барлық азаматтар ашық түрде қатыса алды. Менің пікірімше, бұл – ашық, әділ және объективті өткен сот болды, – деді ол.

Шындалиевтің мәлімдеуінше, сотта барлық айғақтар мен куәгерлердің мәліметтері назарға алынған. Ашық форматта өткен тыңдаудың мақсаты – сот әділеттілігі мен жариялылығын қамтамасыз ету болған.

Еске сала кетейік, 16 жастағы Шерзат Болат 2024 жылдың қазан айында Талғар ауданында топ болып шабуыл жасаудың құрбаны болған. Оған бірнеше жасөспірім шабуылдап, ауыр дене жарақатын салған. Артынша ол ауруханада көз жұмған.

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 2025 жылы көктемде іс сотқа жетіп, Талдықорған қалалық соты бірнеше сотталушыға реалды түрме жазасын кескен болатын. Алайда сотталғандардың туыстары марқұмның әкесінің әрекетіне қатысты да тергеу жүргізілуі тиіс деген талап айтып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Бүгінгі сот отырысының соңында ол айыпталушы Абзал Шынасылдың шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер етіп, істі мойнына ала салғанын айтты.

Белгілі болғандай, Шерзаттың өліміне тікелей себеп болған соққыны Абзал Шынасыл жасаған.

9 маусымда Шерзат Болат ісі бойынша сотталғандардың мерзімінен бұрын шартты босауы туралы сұраққа жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокат Мейірман Шекеев жауап бергенін хабарладық.

Жоғарғы сот Шерзат Болат ісінің трансляциясына нүкте қойды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесінің үкімі 5 маусым күні оқылып, үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Процесс басталғаннан бері Жоғарғы соттың тікелей эфирін ұйымдастырған түсірілім тобы үшін бұл күн ерекше ауыр және эмоцияға толы болды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Перизат Сәдуақас-Хайруллина мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы