- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанға 2,6 млн турист келді: Инвестиция көбейді, бірақ сервис неге әлсіз?
Қазақстанға 2,6 млн турист келді: Инвестиция көбейді, бірақ сервис неге әлсіз?
Мемлекет қаржы құйып жатыр, жаңа демалыс орындары салынып жатыр. Бірақ халық арасында бір сұрақ әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр: миллиардтаған инвестиция құйылған туризм саласында неге сервис мәселесі шешілмей келеді?
Бүгiн 2026, 07:30
2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанға 2,6 миллион шетелдік азамат келген. Бұл көрсеткіш еліміздің туристік әлеуетінің әлі де жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шетелдік келушілер саны 16,1%-ға азайған. Ал туризм саласына салынған инвестиция көлемі керісінше күрт өсіп отыр: биылғы төрт айдың өзінде бұл салаға 405,5 млрд теңге тартылған. Бұл мәліметтерді BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап ретінде Туризм және спорт министрлігі ұсынды.
Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Туристер келіп жатыр, мемлекет қаржы құйып жатыр, жаңа демалыс орындары салынуда. Бірақ халық арасында бір сұрақ әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр: миллиардтаған инвестиция құйылған туризм саласында неге сервис мәселесі шешілмей келеді?
Туристер саны өсіп жатыр, бірақ сапа мәселесі сақталуда
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанға 15,7 миллион шетелдік азамат келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда жарты миллион адамға көп.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында елімізге ең көп турист келген мемлекеттер қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай және Тәжікстан бар, - делінген жауапта.
Алайда ресми статистикадағы өсім қарапайым азаматтардың туризм саласына қатысты сынын азайта қойған жоқ. Әсіресе ішкі туризм бағытында тұрғындардың наразылығы жиі айтылады.
Жаз мезгілі басталысымен әлеуметтік желілерде Алакөл, Балқаш, Бурабай, Көлсай және басқа да демалыс орындары туралы пікірлер көбейеді. Табиғаттың әсемдігіне таңданғандар аз емес. Бірақ қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтындардың да жазбасы кездесіп жатады.

Көпшілік көтеретін мәселелердің тізімі жыл сайын қайталанады: бағалардың негізсіз қымбат болуы, санитарлық жағдайдың нашарлығы, интернет пен байланыс мәселесі, жол бойындағы сервистің жеткіліксіздігі.
Туристердің айтуынша, кей жағдайда Қазақстандағы бірнеше күндік демалыс құны шетелдік турпакеттермен шамалас болғанымен, көрсетілетін қызмет деңгейі арасында үлкен айырмашылық бар.

Туризм табиғатпен ғана дамымайды
Қазақстанның табиғи әлеуетіне қатысты пікірлер көп жағдайда оң. Сарапшылар еліміздің туризм үшін барлық мүмкіндігі бар екенін айтады.
Алтайдың таулары, Көлсай мен Қайыңды, Алакөл мен Балқаш, Бурабай, Түркістан, Маңғыстау өңірлері халықаралық деңгейдегі туристік бағыттарға айнала алады. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, туризмнің табысты болуы тек табиғи ресурстарға байланысты емес.
Иә, бүгінде турист табиғатты ғана емес, жайлылықты, қауіпсіздікті және эмоцияны сатып алады.
Мысалы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Малайзия секілді елдерде туристі қарсы алу мәдениеті қызмет көрсетудің маңызды бөлігіне айналған. Қонақтың мәселесін тез шешу, сыпайы қарым-қатынас, таза инфрақұрылым – осының барлығы елдің туристік имиджін қалыптастырады. Ал Қазақстанда кейбір демалыс орындарында сервис әлі де қосымша емес, екінші кезектегі мәселе ретінде қарастырылады.
Өткен аптада Алматыда «Almaty Superski» жобасының экологияға әсері, таудағы қауіпсіздік және болашақ курорттың қала экономикасына ықпалы талқыланған еді. Онда жоба әзірлеушілерінің бірі Ержан Еркінбаев туристердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуы тиіс деген еді. Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, өткен жылдың өзінде Алматы тауларында құтқарушылар 400-ден астам іздестіру операциясына шыққан.
Әр статистиканың артында нақты адам тағдыры тұр. Егер заманауи инфрақұрылым осындай қайғылы жағдайлардың бір бөлігінің алдын алуға көмектессе, онда оны салу – жауапкершілік мәселесі, – деді компания басшысы.
Миллиардтар құйылып жатыр, нәтиже сезіле ме?
Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында туризм саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 405,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81,1 пайызға өскен.
Мемлекет курорттық аймақтарды дамытуға арналған арнайы жол картасын бекітті. Құжатқа 114 іс-шара енгізілген. Сонымен қатар 2023-2029 жылдарға арналған туризмді дамыту тұжырымдамасы жаңартылып жатыр. Онда көлік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту, визалық режимді жеңілдету, туристік өнімдерді дамыту, маркетинг пен кадр даярлау бағыттары қамтылған, - делінген ресми жауапта.
Қазірдің өзінде Алматының тауларына түсетін жүктеме жоғары.
Ержан Еркінбаев сөзінше, апта сайын мыңдаған адам тауға бақылаусыз көтеріледі. Соның салдарынан заңсыз соқпақтар пайда болып, тау беткейлері эрозияға ұшырап, қоқыс көбейіп жатыр.
Біздің міндет – табиғат пен дамудың бірін таңдау емес. Жауапты даму табиғаттың өз мүддесіне де қызмет ете алатынын дәлелдеу. Бақылаусыз туризм табиғатқа басқарылатын туристік ағыннан әлдеқайда көп зиян келтіреді, - деді ол.
Сонымен қатар әзірлеушілер жобаның Алматы экономикасына курорт құрылысы қонақүй бизнесі, көлік, қызмет көрсету саласы және шағын кәсіпкерлік бағытында кемінде 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.
Бұл жай ғана курорт емес. Бұл – Алматының жаңа экономикалық орталығы, – деді Еркінбаев.
Алайда қарапайым турист үшін басты көрсеткіш инвестиция көлемі емес, сапаның жақсы болуы.
Негізгі мәселелер қандай?
Көптеген демалыс орындары маусымдық қызметкерлерді жұмысқа алады. Олардың арасында арнайы даярлықтан өтпеген адамдар аз емес. Нәтижесінде туристермен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспайды.
Бізде қарапайым сұрақтарға жауап беру, шағымдарды шешу, клиентпен дұрыс қарым-қатынас орнату секілді халықаралық стандарттар барлық жерде бірдей сақталмайды. Ал дамыған туристік елдерде сервис сапасы қонақүйдің жұлдызымен емес, қызметкерлердің кәсібилігімен өлшенеді, - дейді туристік компания басшысы Перизат Бекназар.
Алакөлдегі мәселелер қалай шешілуде?
Соңғы жылдары Алакөлге келушілердің негізгі шағымдарының бірі санитарлық жағдайға қатысты болған еді. Абай облысының әкімі Берік Уәли осыған байланысты Алакөл жағалауында биыл ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп жатырғанын айтты.
Жағалауда 25 санитарлық торап, 35 душ кабинасы, 40 киім ауыстыратын орын, 15 ауызсу фонтаны мен 100 қоқыс контейнері орнатылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тәулігіне екі рет жүргізіледі, - деді ол.
Сондай-ақ, жағалау аумағында 5 шақырымға жуық қауіпсіздік қалқыма белгілері орнатылып, бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп жатқанын айтқан еді.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін камералар саны 223-ке дейін жеткізілмек. Сонымен қатар жағалау аумағы дрондар арқылы бақыланып, құтқару станциясы іске қосылған. Өрт сөндіру депосының құрылысы да басталды, - деді ол.
Сонымен қатар байланыс сапасын жақсарту үшін жаңа антенналық мұнаралар салынып, талшықты-оптикалық интернет желісі тартылып жатыр.
Инфрақұрылымды дамыту, тазалық сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты жоспармен жұмыс істеу қажет. "Әлі ерте" немесе "уақыт жеткілікті" деген көзқарасқа жол берілмеуі тиіс, - деді облыс әкімі.
Бұл мәлімдеме Қазақстан туризміндегі негізгі мәселеге де жауап береді. Соңғы жылдары туристер дәл сервис, тазалық және қауіпсіздік мәселелеріне жиі шағымданады. Сондықтан Алакөлдегі жұмыстар басқа туристік аймақтарға да үлгі бола ала ма деген сұрақ алдағы маусымның басты көрсеткіштерінің біріне айналмақ.
Қазақстандықтар неге шетелді таңдайды?
Соңғы жылдары қазақстандықтардың Түркия, Египет, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстан бағыттарына қызығушылығы артып келеді.
Еліміздегі белгілі бір туристік компания басшысы Перизат Бекназар оған бірнеше себеп негіз болып отырғанын айтады.
Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, көптеген жағдайда шетелге бару бағасы Қазақстандағы демалыспен шамалас. Екіншіден, турист алдын ала қандай қызмет алатынын біледі. Ұшу уақыты, трансфер, тамақтану, орналастыру мәселесі түгел ұйымдастырылған. Үшіншіден, сервис сапасы тұрақты деңгейде сақталады, - дейді ол.
Ал Қазақстанда турист көбіне жол мәселесін де, орналастыруды да, қосымша қызметтерді де өз бетімен шешуге мәжбүр болады.
Үкімет қандай шешімге келді?
Туризм саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін Үкімет биыл жаңа қадамға барды. Елімізде автотуризм, ат туризмі, гастрономиялық және іскерлік туризмді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыттар ішкі туризмді әртараптандыруға және өңірлердегі туристік ағынды көбейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева әр өңір өзінің ерекшелігіне сай нақты даму жоспарын әзірлеуі қажет екенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, туристік әлеуетті толық пайдалану үшін табиғи нысандармен қатар тарихи-мәдени мұраны да тиімді насихаттау маңызды.
Бұл бастамалар туризм саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталғанымен, сарапшылар нақты нәтиже туристердің күнделікті тәжірибесінен көрінуі тиіс екенін айтады. Өйткені турист үшін қабылданған тұжырымдамалар мен бағдарламалардан гөрі сапалы жол, таза демалыс орны және кәсіби сервис әлдеқайда маңызды. Сондықтан туризмнің болашағы жаңа жоспарлардың санымен емес, олардың нақты өмірде қалай жүзеге асатынымен өлшенеді.
Тағы оқи отырыңыз: 100 мың қазақстандық таудағы қауіпсіздік ережелерін тегін меңгереді
Шымбұлаққа түсетін салмақты азайту қажет – Федерация президенті
Ең оқылған:
- Астанада жол үстінде көлік өртенді: Зардап шеккендер бар
- Трамп Иранға ұсынылған келісім талаптарын қатаңдатты
- Астанада екі қабатты жатақханадан өрт шықты: 4 бала эвакуацияланды
- Бүгіннен бастап кей жүргізушіге 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін
- Екібастұзда артқа қарай жүрген «Газель» баласын көтеріп тұрған әйелді қағып кетті
Аида БАТУХАН