Балаларды қорғау халықаралық күні қарсаңында Алматыда «Тау Жүрек: Биік мәдениет» атты бірегей трансформациялық жоба іске қосылды.
Ауқымды бастама Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жоба командасының басты мақсаты — экологиялық ағартудың аясын кеңейтіп, елдің 100 мың тұрғынына таудағы қауіпсіздік, эко-этика және тау мәдениеті туралы базалық білім беру.
Жобаның авторы — Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті, қоғам қайраткері Нұрсұлтан Шоқанов. Бұл бастама дәл қазіргі кезеңде ерекше өзекті, себебі өңірде маңызды «Алматы тау кластері» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Инфрақұрылымның дамуы тауға келушілер санын арттыруда, сондықтан тау мәдениетінің деңгейі де соған сай болуы қажет.
Мәселенің өзектілігін статистика да дәлелдейді: туристік ағынның артуына байланысты таудағы оқыс оқиғалар саны шамамен 30%-ға өскен. Көбіне 14 пен 23 жас аралығындағы дайындықсыз жастар зардап шегеді. Тек 2025 жылдың толық аяқталмаған кезеңінің өзінде құтқарушылар 69 рет зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге мәжбүр болған.
«Тау Жүрек» бағдарламасы жаппай туризмге деген көзқарасты өзгертіп, оны саналы әрі қауіпсіз бағытқа бұруды көздейді. Бұл — ұзақмерзімді жоба. Ол түрлі кезеңдерде балалар үйінің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, студент жастарды, спорт қауымдастығын, блогерлерді, журналистерді, педагогтер мен мемлекеттік орган өкілдерін біріктіріп, биікке деген құрмет мәдениетін мегаполистің жаңа өмір салты ретінде қалыптастыруды мақсат етеді.
Жоба Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жоба авторы – Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов. Оның айтуынша, жобаны бастауға таудағы экологиялық жағдай мен қауіпсіздік мәселелері түрткі болған.
Мен өзім тауда жиі болатындықтан, жалпы жағдайды өз көзіммен көріп жүрмін. Яғни туристер саны көбейген сайын табиғатқа түсетін салмақ та артып келеді. Сондықтан бізге экологияны сақтап қана қоймай, келушілердің таудағы мінез-құлық мәдениетін өзгерту маңызды. Бұл – ең алдымен жастарымыз бен балаларымыз үшін қолға алынған жоба. Біз тау кластерінің игілігін көріп қана қоймай, оны келер ұрпаққа қандай күйде табыстайтынымыз үшін де жауаптымыз, – деп атап өтті Нұрсұлтан Шоқанов.
Жауапкершілік маршрутына алғаш болып қолдауды ерекше қажет ететін жандар — «Солнышко» балалар үйінің 50 тәрбиеленушісі шықты. 28 мамыр күні олар алғашқы танымдық тау жорығына аттанды. Қауіпсіз туризмнің қандай болуы керектігін көрсету мақсатында Федерация бұрын-соңды болмаған сүйемелдеу тобын ұйымдастырып отыр: 50 балаға 10 педагог, 5 кәсіби гид, дәрігер және Құтқару қызметінің мамандары бірге барды.