Алматыда өткен қоғамдық тыңдауда Almaty Superski тау курорты жобасының таныстырылымы өтіп, онда жобаның экологияға әсері, қауіпсіздік мәселелері және экономикалық тиімділігі талқыланды. Жоба жетекшісі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жаңа бастама тек белгілі бір топқа арналған элиталық демалыс орны емес, барлық алматылық еркін пайдалана алатын заманауи тау инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді.
Оның сөзінше, жоба әзірленер алдында қала тұрғындарының, экологтардың, спортшылардың, ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың пікірлері зерттелген. Сондықтан қоғамдық тыңдау формалды жиын емес, бұған дейін басталған ашық диалогтың жалғасы ретінде ұйымдастырылған.
Жиын барысында Алматының табиғи мүмкіндігі ерекше екені айтылды. Себебі әлемдегі санаулы мегаполистердің бірі ретінде қала орталығынан тауға бір сағатқа жетпейтін уақытта баруға болады. Алайда қазіргі кезде қолданыстағы тау инфрақұрылымы келушілер санына толықтай төтеп бере алмай отыр. Мәселен, 2025 жылы Шымбұлақ курортына шамамен 1,5 миллион адам барған. Ал демалыс күндері туристер саны курорттың жоспарланған сыйымдылығынан екі есеге дейін асып кеткен.
Жоба аясында Іле-Алатау ұлттық паркінің 0,5 пайыздан аз аумағында 17 аспалы жол мен 60 шақырымнан астам шаңғы трассасын салу жоспарланған. Оның ішінде трассалардың басым бөлігі жаңадан үйренушілерге және отбасылық демалысқа бейімделмек.
Сонымен қатар жоба қарт адамдарға, балалармен келетін отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыруды да қамтиды.
Әзірлеушілер экология мәселесіне де ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, қазіргі кезде тауға бақылаусыз шығатын адамдар саны көбейіп, ретсіз соқпақтар мен қоқыс мәселесі табиғатқа айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Сондықтан ұйымдастырылған туризм табиғи аумақтарды сақтауға мүмкіндік береді деп есептейді.
Жоба аясында бірыңғай тау бағыттары, цифрлық навигация жүйесі, қауіпсіздік белгілері, төтенше жағдайларға арналған байланыс құралдары және заманауи визит-орталықтар салу жоспарланған. Сонымен қатар мамандар бұл бастама туризм мен қызмет көрсету саласының дамуына серпін беріп, кемінде 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді деп болжап отыр.
Ержан Еркінбаев тыңдау соңында табиғат пен туризмді бір-біріне қарсы қою дұрыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – табиғатты сақтай отырып, тау туризмін қауіпсіз әрі қолжетімді бағытта дамыту.