Алматыда тау спорты мен туристік әлеуетті дамыту мәселесі талқыланды. Федерация өкілдері қаладағы тау кластеріне түсетін жүктеменің артып отырғанын айтып, инфрақұрылымды жүйелі дамыту қажеттігін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов Алматының тау спорты мен туристік әлеуетін дамытуға арналған жиында айтты.
Оның сөзінше, Алматы бүгінде Қазақстандағы тау спорты, альпинизм, спорттық құзға өрмелеу және тау туризмінің негізгі орталығы болып отыр.
Бүгін сіздердің алдарыңызда тек Федерация президенті ретінде ғана емес, Алматының тумасы ретінде сөйлеп тұрмын. Маған біздің тауларымыздың қалай дамитыны бейжай емес. Спортшылардың, туристердің, жаттықтырушылардың, құтқару қызметтерінің және жалпы тау индустриясының нақты қажеттіліктері қалай өсіп жатқанын жақсы білемін, – дейді Нұрсұлтан Шоқанов.
Ол Федерация жұмысы арқылы Алматының тау кластеріне түсетін салмақтың күн сайын артып келе жатқанын көріп отырғанын атап өтті. Әсіресе қауіпсіздік, инфрақұрылым тапшылығы және туристік ағымды реттеу мәселелері өзекті болып отыр.
Федерация президентінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда әуесқой деңгейде альпинизммен 15 мыңнан астам адам айналысады. 2 мыңға жуық спортшының спорттық разряды бар. Ал спорттық құзға өрмелеу еліміздің 13 өңірінде дамып келеді. Соның шамамен 60 пайызы Алматыға тиесілі.
Алматы – спортшыларды даярлау, туризмді дамыту және халықаралық жарыстар өткізу үшін толыққанды жыл бойғы инфрақұрылымы бар елдегі жалғыз қала, – дейді ол.
Шоқанов жақында қол қойылған меморандум аясында жаттығу базасын құру мүмкіндігі қарастырылғанын айтты. Оның айтуынша, тау альпинизмі – Қазақстанда енді дамып келе жатқан жаңа олимпиадалық спорт түрі.
Almaty SuperSki осы жаңа спорт түрі дамитын және болашақ чемпиондар дайындалатын базаға айналады деп үміттенемін, – деді Федерация президенті.
Спикердің айтуынша, Алматы қазірдің өзінде Орталық Азиядағы тау туризмінің ең ірі орталығына айналды. Тек 2025 жылы қалаға шамамен 2,5 млн турист келген. Туристік қызмет көлемі 110 млрд теңгеден асқан.
Бұл – енді тоқтамайтын процесс. Туристік ағым алдағы уақытта да өсе береді. Біздің бүгінгі міндетіміз – даму бола ма, жоқ па деп таласу емес. Керісінше, осы дамуды жүйелі, қауіпсіз, экологиялық және бақылауға болатын деңгейде ұйымдастыру, – дейді ол.
Оның айтуынша, қазір негізгі жүктеме Шымбұлақ пен оған жақын инфрақұрылымға түсіп отыр. Жолдардың шамадан тыс жүктелуі, көліктің көп шоғырлануы және шатқалдарға түсетін қысым – шешуді қажет ететін мәселе.
Осы тұрғыда ол Almaty SuperSki жобасын және Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Пионер, Масар, Бутаковка бағыттарын біріктіре отырып, 150 шақырымнан астам жаңа трасса құру бастамасын Алматының табиғи әрі логикалық даму кезеңі деп атады.
Трассаларды біріктіру және аспалы жол инфрақұрылымын дамыту жолдарға түсетін салмақты арттырмайды. Керісінше, адамдар ағынын қайта бөлуге және тауға көтерілетін көлік санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тек туризм мәселесі емес, қауіпсіздік, экология және заманауи қалалық инфрақұрылымды ұйымдастыру мәселесі, – деді ол.
Федерация президенті Алматының тау инфрақұрылымын дамытуда тарихи тәжірибені де ескеру керегін айтты. Оның сөзінше, кезінде «Медеу» мұз айдынын салу да көпшілікке елестету қиын жоба болып көрінген.
Кезінде «Медеу» таудағы мұз айдынын салу да даулы әрі мүмкін емес жоба сияқты көрінген. Ал бүгінде ол – Алматының визит карточкасы. Онда да мұз дайындау, су жүйесі және басқа да күрделі инженерлік инфрақұрылым салынды. Сондықтан алысқа барудың қажеті жоқ. «Медеу» мен «Шымбұлақтың» қалаға берген әсерін асыра бағалау мүмкін емес, – деді Шоқанов.
Ол Алматының тау кластерін дамыту қаланың спорттық, туристік және экономикалық әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Біз әрі қарай дамуымыз керек. Сондықтан мұндай бастамаларды қуана қолдаймыз, – дейді Федерация президенті.