Қазақстанда шетелдік интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жәрдемдескен қаржылық жүйенің жолы кесілді. Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз төлем операцияларын ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады.
ҚМА мәліметінше, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалы кірген.
Аталған интернет-казинолардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN бар.
Тергеу барысында жүргізілген қаржылық операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткені анықталды. Ал күдіктілер есептеген комиссиялық сыйақы мөлшері 286 млн теңгені құраған.
Ақша аударымдарының мақсаты қалай жасырылған?
Қаражаттың нақты қандай мақсатқа аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз атына төлем операциялары жүргізілгенінен мүлдем хабарсыз болған.
Атап айтқанда, кәсіпкерлердің атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Ал жалған келісімшарттар мен арнайы әзірленген сайттар арқылы ақша тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде төленгендей көрсетілген.
Одан әрі қаражат шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылып отырған.
Қылмысты ұйымдастырушы қамауға алынды
ҚМА жүргізген тергеу нәтижесінде қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды.
Сонымен қатар соттың санкциясымен төрт автокөлікке және 103 млн теңге көлеміндегі қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауына жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Еске сала кетейік, Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдарға сот үкімі шықты. Олар Binance платформасының P2P қызметін пайдаланып, 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтерді заңсыз сатқан. Қылмыстық әрекеттен түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі 1985 жылы 8 ақпан күні туған Ресей Федерациясының азаматы Дмитрий Пунин мен 1989 жылы 11 ақпан күні туған Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жарияланғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз: «Ақшаңызды екі еселеп беремін»: Астанада жалған инвестиция ұсынған әйел ұсталды
Пәтерден 17 млн теңгенің алтынын үптеп кеткен: Тараздағы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағандар ұсталды