Балқашта екі оқушының төртінші қабаттағы қауіпті әрекеті полиция назарын аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқушылар қалай ойнады?
Балқаш қалалық полиция бөліміне тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде екі баланың көрші бөлменің терезесінен балконға өтіп жүргені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтады. Олар қаладағы мектептердің бірінде білім алатын, үшінші сынып оқушылары – сегіз жастағы екі қыз болып шықты.
Балалардың айтуынша, пәтерде олардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген. Алайда олар жасаған әрекеттерінің салдарын бағамдамай, мұндай қадамға ойын үшін барған.
Тексеру нәтижесінде ата-аналары балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, биіктіктегі мұндай әрекеттердің қауіпті екенін түсіндірді. Сондай-ақ балаларға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді, - деп жауап берді BAQ.KZ сауалына Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция ескертеді
Полиция ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмай, олардың бос уақытын бақылауға және қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырады.
Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен, ересектердің жауапкершілігі. Бір қарағанда, жай ғана ойын болып көрінген әрекет қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда 9-қабаттан құлағалы тұрған қыз құтқарылды.
Тағы оқи отырыңыз: