Орта дәліз, сутегі, AI және сирек металдар: Тоқаев Кореямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын атады

 Ақорда 16 Қыркүйек 2026, 14:25
16 Қыркүйек 2026, 14:25
133
Фото: Ақорда

Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Мемлекет басшысының пікірінше, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр.

Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.

– Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да аталған координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты.

– Осы саладағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге, соның ішінде Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға әзірміз. Сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейтуге болады. Оң тәжірибе бар. Мысалы, Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын табысты игеріп жатыр. Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда. Шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен, полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз. Жаһандық энергетикадағы өзгеріс атом өнеркәсібін ілгерілету мәселесі өзекті екенін көрсетті. Біз KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технология саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені».

– Таза сутегін өндіруге және қолдануға қатысты пилотты жобаларды іске асыру қажет деп санаймын. Әйтсе де көмір Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінде маңызын жоймайды. Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз. Корея бизнесін, әсіресе, Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту жобаларын бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ ауаға таралатын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді.

– Корея Республикасы – жаһандық технология жарысындағы көшбасшылардың бірі. Қазақстан да цифрлық трансформацияға белсенді кірісті. Астанада Аlem.ai халықаралық орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, арнаулы жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастады. Кореямен бірқатар бірлескен бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірге Жасанды интеллект институты құрылды. Алатау қаласында орналасатын KAIST, яғни Корея озық технологиялар институты филиалы өзара серіктестігіміздің серпінді жобасы болуға лайық. Бұл – әлемдегі технология тілін үйрететін жетекші оқу орындарының бірі. Биыл Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесе негізі қаланған AI SilkNet предективті аналитика және форсайт орталығы іске қосылады. Менің ойымша, екі елдің ғылыми мекемелері, университеттері мен технологиялық компаниялары осы орталықтың айналысында бір мақсатқа топтасқаны жөн. Қазақстан бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жұмылдыруға дайын. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласы мамандарын даярлау үшін Кореямен серіктестік негізінде AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосқан жөн деп санаймын. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен ғылыми прогреске ықпал ететін жаңа технологиялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды.

– Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.

– Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаппай жаңғырту жүріп жатыр. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суландыру арналарын жаңартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және табиғи экожүйенің тозуы қазірдің өзінде Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етіп жатыр. Сондықтан Қазақстан Кореяның біз үшін өте маңызды әрі шетін салаға қатысты озық технологиясы мен жинаған тәжірибесін бөлісу ниетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, Кореяның су үнемдеуге, судың цифрлық есебін жүргізуге арналған технологияларын меңгеруге және заманауи су үнемдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ортақ бағдарламаны іске қосқан дұрыс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, бұған дейін Президент бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысқаны хабарланды

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик Ханган саябағындағы қазақ этноауылын аралады.

Наверх