- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан-Корея серіктестігі жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады – сарапшылар пікірі
Қазақстан-Корея серіктестігі жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады – сарапшылар пікірі
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
16 Қыркүйек 2026, 20:46
Қазақстан-Корея серіктестігі жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл туралы Құрылтай депутаттары айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрылтай депутаты Ирина Тен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы - екі ел үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына тоқталды.
«Орталық Азия – Оңтүстік Корея» бизнес-саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, технологиялық және инвестициялық әріптестікті одан әрі дамытуға басымдық берді. Менің ойымша, бүгінгі жағдайда мұндай серіктестіктің негізінде экономикалық мүддемен қатар өзара сенім, құрмет және нақты нәтижеге бағытталған байланыс болуы маңызды. Оңтүстік Кореяның технологиялық және өндірістік тәжірибесін Қазақстанның әлеуетімен ұштастыру жаңа жобаларға, инвестицияларға және сапалы жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Екі ел арасындағы қалыптасқан сенім алдағы уақытта да нақты әрі өзара тиімді бастамалармен жалғасын табады деп сенемін, - деп жазды Ирина Тен.
Сонымен қатар, Құрылтай депутаты Максим Рожин Президенттің Корея – Орталық Азия – Еуропа бағытындағы көлік-логистикалық тізбек қалыптастыру жөніндегі ұсынысы Қазақстанды жай ғана транзиттік аумақ емес, Еуразиядағы логистикалық байланыстырушы буынға айналдыру перспективасын көрсететінін атап өтті.
Құрылтайдағы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтін депутат ретінде еліміздің халықаралық аренадағы әрбір маңызды қадамына ерекше назар аударамын. Бұл менің тікелей жұмыс бағытым ғана емес, еліміздің сыртқы саясатының қалай қалыптасып, қандай басымдықтарға бет алып бара жатқанын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш. Әсіресе Мемлекет басшысының халықаралық кездесулердегі сөздеріне мән беремін. Президенттің әрбір мәлімдемесінен Қазақстанның кіммен әріптестік орнатуға мүдделі екенін ғана емес, қандай әріптестік біз үшін маңызды екенін аңғаруға болады. Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде осы тұрғыдан алғанда маңызды сигналдар берілді. Менің назарымды аударған негізгі мәселе – Қазақстанның Кореямен қарым-қатынасты дәстүрлі сауда-инвестициялық байланыстар деңгейінен технологиялық және өнеркәсіптік кооперацияның жаңа деңгейіне шығаруға ұмтылысы, - дейді Максим Рожин.
Осы бастамалардың барлығына бірге қарағанда, бір маңызды тенденцияны көруге болады. Қазақстан біртіндеп «ресурсқа айырбас ретінде технология» моделінен «бірлесіп жаңа құн қалыптастыру» моделіне өтуге ұмтылып отыр. Бұл – өте маңызды айырмашылық. Біз Кореяға тек табиғи ресурстарымызды немесе ішкі нарығымызды ұсынып отырған жоқпыз. Біз бірге өндіріс құруды, технологияны ел ішінде игеруді, ғылыми кооперацияны дамытуды, кадр даярлауды және дайын өніммен әлемдік нарыққа бірге шығуды ұсынып отырмыз. Мен депутат ретінде осы жердегі ең маңызды міндеттердің бірі – халықаралық деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың ұлттық деңгейдегі іске асу барысына тұрақты түрде назар аудару деп санаймын. Себебі кез келген халықаралық келісімнің нақты құндылығы оның мәтінінде емес, азаматқа, экономикаға және мемлекеттің технологиялық әлеуетіне беретін нәтижесінде, - дейді Максим Рожин.
– Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қанша инвестиция тартылды, қанша өндіріс іске қосылды, қанша технология Қазақстанда локализацияланды, қанша қазақстандық маман даярланды, қанша қосылған құн ел ішінде қалды және қанша өнім үшінші нарықтарға шықты. Бұл тұрғыдан алғанда алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті – жақсы басталған саяси диалогтың жалғасы ғана емес. Бұл – Қазақстанның өзінің ресурстық, географиялық және адами әлеуетін Кореяның технологиялық мүмкіндіктерімен ұштастырып, жаңа өндірістік және технологиялық экожүйе қалыптастыруға деген ұмтылысының көрінісі. Ендігі мәселе – осы саяси импульсті жоғалтпай, оны нақты жобаларға айналдыру. Халықаралық саясаттағы әрбір уағдаластықтың соңғы нәтижесі елдің ішіндегі нақты өзгеріспен өлшенуі керек. Меніңше, Кореямен бүгін қалыптасып отырған жаңа әріптестіктің басты мәні де осында, - деп түйіндеді сөзін Максим Рожин.
Ең оқылған:
- Тұрғын үй кезегінен кімдер шығарылады? Отбасы банк тексеруді бастайды
- «Сот залында қамауға алынды»: Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге сот үкімі шықты
- Астанада жанжалдан кейін ерлі-зайыпты қаза тапты: Не белгілі?
- АҚШ-та қазақстандық әйел ұсталды: СІМ мән-жайды растады
- Павлодарда 9-қабаттан құлағалы тұрған қыз құтқарылды