Қарағандыда уланған балалар: Екі жасөспірім ауруханадан шығарылды

2 Тамыз 2023, 11:00
1166
Бөлісу:
Қарағандыда уланған балалар: Екі жасөспірім ауруханадан шығарылды
Фото: BAQ.KZ - архив

Дәрігерлер "Қарағанды облысындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" мекемесінде уланған балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауруханадан екі бала шығарылған.

Бүгін Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінен арнайы қызмет көрсету орталығынан улану белгілерімен ауруханаға жатқызылған екі бала шығарылды. Олардың жағдайы айтарлықтай жақсарды, балалар медициналық-әлеуметтік мекеме дәрігерінің бақылауында болады, - делінген хабарламада.

Айтуынша, алты кәмелетке толмаған бала әлі де жан сақтау бөлімінде. Олар білікті мамандардың тәулік бойы бақылауында. Ауруханада тағы бес науқас бар. Олардың жағдайы тұрақты, нашарлау байқалмаған.

1 тамызда қабылданған екі пациенттің біреуінде орташа ауырлық дәрежесі бар, екіншісінің жағдайы қанағаттанарлық. Екеуі де бөлімшеде, жағдайы тұрақты, – делінген Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Сонымен қатар балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында емханалардың медицина қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған.

Еске салсақ, "Қарағанды облысындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында" балалар жаппай уланды. 

30 шілдеде орталықтағы екі баланың жағдайы нашарлаған. Іштері өтіп, құса берген. 

31 шілдеде тағы 10 баланың ауруханаға жатқызылғаны анықталды. 

Өкінішке қарай уланған балалардың бірі қайтыс болғаны белгілі болды.

Осы оқиғаға қатысты жағдайды анықтау үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыға барды.

Белгілі болғандай, уланған балалардың арасында жетім балалар да болған.

Өзгелердің жаңалығы