Жеңіс Қасымбек биыл жолаушылар тасымалдайтын 2000 автобус енгізілетінін айтты

19 Ақпан 2019, 12:10
2226
Бөлісу:
Жеңіс Қасымбек биыл жолаушылар тасымалдайтын 2000 автобус енгізілетінін айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында 2019 жылы облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 2 мыңнан астам автобус іске қосылатынын мәлімдеді.

«Көлікті және логистиканы цифрландыру» міндеті бойынша «Интеллектуалдық көлік жүйесін құру» жобасы іске асырылу процесінде. Жүйе жол-көлік кешенін басқарудың бірқатар мәселесін, оның ішінде әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Көлікті бақылауды автоматтандыру үшін 12 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы енгізілді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министр 2019 жылдың соңына дейін жаңа ақылы учаскелерде тағы да 11 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын іске қосу, 2021 жылға қарай жалпы санын 46 бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

«Автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау саласында қозғалыс кестесін, маршрутын және жиілігін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында пилоттық режимде облысаралық және халықаралық автобуспен жолаушылар тасымалын диспетчерлеу жүйесі іске қосылды. 2019 жылдың соңына дейін 416 маршрут бойынша облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 2 мыңнан астам автобус іске қосылады», - деп атап өтті министр.

Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінгі Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, геология және жер қойнауын пайдалану салаларында атқарылып жатқан жобаларды атап,биыл 100-ден астам кәсіпорын цифрландырылатынын айтты.


Назерке АБИБУЛЛА




Өзгелердің жаңалығы