Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов хабарлады.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясының жаңа штамының пайда болуын ескере отырып, бірқатар шара қабылдануы тиіс.
Коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда қабылданған 3 желтоқсаннан бастап енгізілетін шектеу шараларына тоқталды.
Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу. «Омикрон» нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден, бүгінгі күні бұл елдер – Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада және Египет. Осы елдерден келетін адамдар үшін вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР тестілеудің бар болуын енгізу, - деп атап өтті вице-министр.Сонымен қатар «Омикрон»-нан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс.
Осыған орай, Санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменттері шетелден келген азаматтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақтылы беруді, ал әкімдіктер бұл тұлғаларды емханалар деңгейінде қашықтан бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Бельгиядан, Египеттен келген адамнан «Омикрон» штамынан КВИ жағдайының анықталғанын және Египеттен келетін жолаушылар санын (қарашада 13 мыңнан астам адам) ескере отырып, Египетпен әуе қатынасын тоқтата тұрамыз, - деді Марат Шоранов.
Сондай-ақ айналымда жүрген коронавирустық инфекция штамдарын секвенерлеу зерттеу жұмыстары жалғасын табады деп отыр.