Алматыда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 13 мың адам жұмысқа орналасады

1 Шілде 2021, 15:02
2704
Бөлісу:
Алматыда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 13 мың адам жұмысқа орналасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы айтты.

Данияр Әлкебайұлы атап өткендей, халықтың осал топтарын қорғау - мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі функцияларының бірі. Сондықтан қалада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жаңа жұмыс орындары құрылып келеді.

Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 13 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 800 адамды жастар практикасына, 960 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 6 мың адамды қоғамдық жұмыстарға жібереміз, сондай-ақ мыңға жуық адамға грант беру қарастырылған, сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқытуға тағы мың адамды жібереміз және 115 алматылыққа шағын несие береміз әрі басқа да көптеген қолдау шараларын ұсынамыз, – деді ол.

Бұл ретте ұсынылатын мамандықтар ауқымы кең, ЖОО, колледждер, кәсіптік лицей түлектері де, зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтар да, білімі жоқ адамдар өздеріне ұнайтын тұрақты жұмыс таба алады.

Әлкебайұлының айтуынша, жүздеген қала тұрғыны күн сайын оларға жүгінеді.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 25 мың адам өтініш берген. Жұмыспен қамту шаралары бойынша 17,3 мың қала тұрғыны қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 7,7 мың адам жұмысқа тұрды, уақытша жұмыс орындарына 8,3 мың адам орналастырылды, - деп түсіндірді басқарма өкілі.

Сонымен қатар брифингте Данияр Әлкебайұлы қолдау шаралары туралы айтты.

Бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 2021 жылы әрқайсысы 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 1000 грант беру жоспарланған. Бүгінде болашақ кәсіпкерлер 495 грант алып, өз кәсіптерін ашып үлгерді. Әрі қарай қалған азаматтарды жылдың аяғына дейін грантпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, - деп атап өтті Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы өкілі.

Сондай-ақ 2021 жылғы ноу-хау «бірінші жұмыс орны» жобасы болды. Ол жастарды жұмысқа орналастыруға әрі тиісті еңбек тәсілдерін үйретуге және бірінші жұмыс орнында бейімделуге бағытталған. Бүгінде осы жоба аясында 24 адам жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы