Министрлік тарапынан Шүменовке санкция салына ма?

25 Шілде 2023, 12:03
1066
Бөлісу:
Министрлік тарапынан Шүменовке санкция салына ма?
Фото: автордан

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов боксшы Бейбіт Шүменовтің төбелесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шүменовтің ісімен қазір құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Ішкі істер министрлігі түсініктеме беріп те үлгерді, құқық қорғау органдарының ресми қорытындысынан кейін тағы айтуға болады. Бірақ қазіргі таңда заң аясында жүріп жатыр. Бұл – құқықтық сала, әрбір адам мамандығына, қызмет түріне қарамастан өзінің сөзі мен ісі үшін жауапты. Сондықтан заң саласының аясында ол өз әрекетіне жауап береді, - деді ведомство басшысы.

БАҚ өкілі министрге «Шүменовке министрлік тарапынан қандай да бір тыйым бола ма?» деп сұрақ қойды.

Қорытындыдан кейін құқық қорғау органдарының жұмысы аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат береміз. Құқық қорғау органдары жұмысты жүргізеді, тиісті сот шешімі болады, содан кейін түсініктеме беруге дайынбыз, - деп жауап берді Оралов.

Еске салсақ, 2023 жылғы 18 маусымда елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде екі ер адам бала үшін сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Төбелесте бала ұстаған ер адамды соққыға жыққан белгілі боксшы Бейбіт Шүменов екені анықталды.

Оқиға 18 маусымда болса да, дүйім жұртқа шілдеде белгілі болды. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев пікір білдіріп, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Кейіннен Шүменовтің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында істің мән-жайын баяндап берді. Бейбіт Шүменовке қатысты сыннан кейін оның әйелі АҚШ елшілігіне жүгінген.

Бұдан бөлек зардап шеккен адам қырғызстандық болғандықтан, аталған іске қырғыз тарапы да араласқан болатын.

Кеше Шүменовке халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды. 

Өзгелердің жаңалығы