"Ол баланы ұрған жоқ": Бейбіт Шүменовтің әйелі АҚШ елшілігінен көмек сұрады

16 Шілде 2023, 11:43
3985
Бөлісу:
"Ол баланы ұрған жоқ": Бейбіт Шүменовтің әйелі АҚШ елшілігінен көмек сұрады
Фото: Egovpress телеграм-каналы

Астанада сауда орталығындағы төбелеске қатысты оқиға тағы жалғасты. Бейбіт Шүменовке қатысты сыннан кейін оның әйелі АҚШ елшілігіне жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Белгілі қазақстандық боксшының әйелі Кэридің (АҚШ азаматы) айтуы бойынша, Бейбіт Шүменов өзін қорғау мүддесінде ғана әрекет еткен. Кэри "жанжалды ушықтырмас үшін, бала көтерген ер адамнан кетуді өтінгенін" айтты.

Мен кетуін сұрап, бірнеше рет айғайладым... Бейбіт ол кісі ұстаған баланы бірде-бір рет ұрған жоқ, – деп жалғастырды ол.

Кэридің айтуынша, ол "АҚШ-тағы ресми өкілдерден көмек сұрауға мәжбүр" болған. Ол Қазақстанның мемлекеттік органдарын "әрекет жасамады" және "деректерді елемеді" деп айыптады.

Бұл ретте Кэри оқиға болған күні бөлімшедегі полиция қызметкерлері оған сыпайылық танытып, кәсіби түрде әрекет еткенін атап өтті. Бірақ содан кейін "органдар тарапынан немқұрайлық" пайда болғанын айтқан.

Айта кетейік, Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде төбелес болды. Белгілі болғандай, бала көтерген ер адамды соққыға жыққан белгілі спортшы Бейбіт Шүменов екені анықталды. Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, қылмыс ауыр емес екенін айтты. 

Кейіннен боксшы Шүменов оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын айтып берді. 

Кеше ІІМ ресми түсініктеме беріп, қазір осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталғанын, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтінін атап өтті.

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі боксшы Бейбіт Шүменов себепкер болған төбелеске қатысты мәлімдеме жасаған еді.

 

 

Өзгелердің жаңалығы