Мемлекеттік кеңесші: Президент реформаларының басты нәтижесі – қоғамдық сананың өзгеруі

Ерлан Қарин Президент реформаларының қоғамға қалай әсер еткенін айтып, қоғамдық санадағы өзгерістердің басты белгілері мен олардың мәнін түсіндірді.

Бүгiн 2026, 20:28
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 20:28
Бүгiн 2026, 20:28
97
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Біздің идеологиямыз – Конституция» атты авторлық мақаласы жарияланды. Онда ол елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, реформалардың басты нәтижесі мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер ғана емес, қоғамдық санадағы терең трансформация болды.

Қариннің айтуынша, Президент реформаларының ең маңызды нәтижелерінің бірі – қоғамдық менталитеттің өзгеруі.

Президент реформаларының басты нәтижелерінің бірі – жүргізілген өзгерістердің қоғамдық менталитетке әсер ете бастауы. Бұл неден көрінеді? Президент дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқан адалдық, үнемшілдік, тазалық пен тәртіп сияқты құндылықтар бүгінде қоғам тарапынан табиғи өмір салты ретінде қабылдана бастады. Адамдардың өзі осы қағидаттарды қолдап, кеңінен насихаттап келеді, – делінген мақалада.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, соңғы жылдары азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға деген көзқарасы да айтарлықтай өзгерген.

Бірнеше жыл бұрын қоғамдық тәртіп пен тазалық негізінен әкімшілік-құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз етілетін. Онсыз мүмкін емес еді және қоғам мұндай шаралардың қажеттілігін жақсы түсінді. Алайда бүгінде заңбұзушылықтарға ең алдымен азаматтардың өзі қарсы шығады. Қазақстандықтар енді құқық бұзушылыққа, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікке немесе көзге ұрып тұрған ысырапшылдыққа бейжай қарай алмайды. Олар мұндай әрекеттерді өздері айыптап, оған қатысты өз ұстанымын ашық білдіреді, – деп атап өтті ол.

Қариннің пікірінше, бұл – кемел азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Бұл Президент үнемі айтып жүрген қағидаттардың қоғамдық санада біртіндеп орнығып келе жатқанын дәлелдейді. Азаматтардың қарапайым адамгершілік құндылықтарын өз еркімен қорғауға ұмтылуы – кемел әрі өркениетті қоғам қалыптасуының белгісі. Сондықтан Президент реформаларының басты нәтижесі институционалдық өзгерістер ғана емес, қоғамдық санадағы терең өзгерістер деп бағалануы тиіс, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Сөз соңында Қарин бүгінгі мемлекеттік саясатта «Таза Қазақстан» және «Заң және Тәртіп» бастамаларының ерекше орын алатынын атап өтті.

Мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының қатарында “Таза Қазақстан” және “Заң және Тәртіп” бастамалары ерекше орын алады. Оларды қоғам санасында ілгерілету мен орнықтыру ұлттың дамуына қажетті басқа да маңызды қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәл осылай Қазақстан жоғары тәртіптілігімен, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен, тазалық пен тәртіпке деген құрметімен ерекшеленетін, әлемнің озық өркениетті елдерінің қатарына қосыла алатын мемлекетке айналады, – деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Тағы оқи отырыңыз:

Наверх