Президенттің тұжырымдамалық қағидаттары Конституцияның преамбуласы мен негізгі баптарының негізіне айналды – Қарин

Ерлан Қарин жаңа Конституцияның қандай қағидаттарға негізделгенін айтып, Президенттің жеке бастамасымен енгізілген маңызды өзгерістерге тоқталды.

Бүгiн 2026, 19:54
АВТОР
 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 19:54
Бүгiн 2026, 19:54
190
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Біздің идеологиямыз – Конституция» атты авторлық мақаласы жарияланды. Онда ол жаңа Конституцияны әзірлеу жұмысы туралы баяндаған. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымдамалық қағидаттары Конституцияның преамбуласы мен негізгі баптарының негізіне айналды.

Қариннің атап өтуінше, жаңа Негізгі заңның көптеген маңызды ережелері Мемлекет басшысының тікелей ұсынысымен енгізілген.

Айта кету керек, Конституцияның преамбуласы мен негізгі баптары Мемлекет басшысының тұжырымдамалық қағидаттары негізінде әзірленді. Оның үстіне, ең маңызды өзгерістер мен, ең алдымен, қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған түбегейлі жаңа ережелердің басым бөлігін Президенттің өзі ұсынды, – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Қариннің айтуынша, Президенттің дүниетанымдық ұстанымдары Конституцияның мазмұнынан ғана емес, оның символдық мәнінен де көрініс тапқан.

Бұған дейін де бірнеше рет айтылғандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі құжаттармен жұмыс істегенде және көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде “Егемендік” пен “Тәуелсіздік” сөздерін әрдайым бас әріппен жазады. Бұл қағидат Конституцияның жаңа мәтінінде де сақталды, өйткені бұл ұғымдар қоғамдық санада қасиетті әрі іргелі құндылықтар ретінде түпкілікті орнығуға тиіс. Бұл Конституцияның нақты айқындалған дүниетанымдық қағидаттар жүйесіне негізделгенін тағы бір мәрте дәлелдейді, – деді ол.

Мемлекеттік кеңесші дәл осы себепті жаңа Негізгі заңда елдің даму бағытын айқындайтын негізгі идеялар көрініс тапқанын атап өтті.

Сондықтан Негізгі заңда біздің шынайы тарихымыз, Әділетті Қазақстан идеясы, “Заң және Тәртіп” қағидаты, “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы, бірлік пен келісім құндылықтары, сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым және инновацияларды дамыту мәселелері көрініс тапты, – делінген мақалада.

Қарин жаңа Конституция мемлекеттік құндылықтар жүйесін бекітіп қана қоймай, Қазақстанның стратегиялық даму бағытын да айқындайтынын айтты.

Бұл – ұлттық бірегейлікті нығайтатын, құндылықтарды жүйелейтін және мемлекеттіліктің негіздерін нақты айқындайтын Конституция. Ең бастысы, онда болашақ Қазақстанның бейнесі айқын көрсетілген. Ел өзін ғылымға, білімге және инновацияға сүйенетін прогрессивті, өркениетті мемлекет ретінде көреді. Сондықтан бүгінгі ішкі саясаттың басты міндеті – Конституцияда бекітілген құндылықтардың берік орнығуын және қорғалуын қамтамасыз ету, – деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Тағы оқи отырыңыз: Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты – Ерлан Қарин 

Қарин: Жаңа қоғамдық этика – елдің ішкі саясатының негізі 

Наверх