Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Біздің идеологиямыз – Конституция» атты авторлық мақаласы жарияланды. Онда ол елдің ішкі саясатының басым бағыттары туралы сөз қозғаған. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі – мінез-құлық мәдениетіне, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қариннің айтуынша, бүгінде қазақстандық қоғамда елді жікке бөлетіндей саяси қайшылықтар жоқ.
Бүгінде қазақстандық қоғамда елді жікке бөлетіндей саяси қайшылықтар жоқ. Қоғамдық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша белгілі бір ортақ ұстаным қалыптасты. Оның үстіне, азаматтардың басым бөлігі Президент жүргізіп жатқан реформаларды қолдайды. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының соңғы зерттеуіне сәйкес, азаматтардың 84 пайызы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Бұл қоғамда оптимистік көңіл күйдің басым екенін көрсетеді, - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қариннің айтуынша, соған қарамастан, жекелеген жағдайлар қоғамда әлі де кең резонанс тудырып келеді. Мемлекеттік кеңесші мұндай жанжалдардың басым бөлігі саяси келіспеушіліктерден туындамайтынын айтты.
Алайда мұндай оқиғалардың көпшілігінің себептеріне мұқият үңілсек, олардың түп-төркіні көбіне жекелеген адамдардың қарапайым тәрбиесіздігі, дөрекілігі және мінез-құлық мәдениетінің жоқтығы екенін көруге болады. Жанжалдарға қарапайым әдеп нормаларын сақтамау, өзара құрметтің болмауы себеп болады. Кейде мұндай жағдайларға білімнің жетіспеуі де алып келеді, - деді ол.
Қариннің сөзінше, дәл осы себепті қазіргі идеологиялық жұмыс ең алдымен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Соған қарамастан, жекелеген адамдардың мәдениетсіздігінен бүкіл қоғам зардап шекпеуі керек. Сондықтан бүгінде идеологиялық жұмыс ең алдымен надандықпен, сауатсыздықпен және мінез-құлық мәдениетінің жоқтығымен күресуге бағытталуы тиіс, – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Ол мемлекет қоғамда жасампаз құндылықтарды тәрбиелеуі қажет екенін атап өтті.
Керісінше, қоғамда мәдениеттілікті, еңбекқорлықты, білім мен ғылымға ұмтылысты, жауапкершілік сезімін және жасампаз патриотизмді тәрбиелеу қажет. Тәрбиелі адам қоқыс тастамайды, айналасындағыларға қоқан-лоқы көрсетпейді және агрессия танытпайды. Қарапайым адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірмеген адамнан шынайы патриот тәрбиелеу мүмкін емес. Ең алдымен адал, парасатты әрі адамгершілігі мол азамат қалыптастыру қажет. Патриотизм осы қасиеттердің табиғи жалғасына айналады, - делінген мақалада.
Сөз соңында Мемлекеттік кеңесші жауапты әрі жасампаз патриотизм қағидаты жаңа Конституцияда тікелей бекітілгенін атап өтті.
Бұл қағидат Конституцияда да бекітілген. Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарының қатарына жауапты әрі жасампаз патриотизмді ілгерілету туралы норманың енгізілуі кездейсоқ емес. Оның басты өлшемі – пайдалы іс пен жауапкершілік сезімі, – деп түйіндеді Ерлан Карин.
Тағы оқи отырыңыз: Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты – Ерлан Қарин