Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты – Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция ұлттық құндылықтар мен мемлекеттің идеологиялық бағытын айқындайтын басты құжат екенін айтты.

 gov.kz Бүгiн 2026, 16:40
Бүгiн 2026, 16:40
232
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Жас Алаш» газетінде «Біздің идеологиямыз – Конституция» атты авторлық мақаласын жариялап, онда жаңа Конституцияның ел үшін маңызына кеңінен тоқталды. Мақалада ол мемлекеттің зайырлы сипатының жаңа Негізгі заңда түпкілікті конституциялық деңгейде бекітілгеніне ерекше назар аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ерлан Кариннің айтуынша, жаңа Конституция ел мен қоғамда болған өзгерістерге берілген жауап болды. Сондай-ақ ол Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асқанын атап өтті.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде», – деді. Расында, Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Салада ортақ тәртіп орныға бастады. Ономастикада, ескерткіштер орнатуда, ведомстволық наградаларды тағайындауда нақты регламенттер бекітілді. Тіпті киноны прокатқа шығаруға қатысты да арнайы критерийлер енгізілді. Мәселен, бұрын көшелер мен елді мекендерге атау беруде жүйесіздік үнемі алдан шығатын. Айғай-шу да көп еді. Қазір оның көбі тыйылды. Өйткені ортақ тәртіп, нақты алгоритм бар. «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері бекітілді. Көшелер мен елді мекендерге әркім ойына келген атауды бере алмайтын болды. Сол секілді жекеменшік білім беру ұйымдарына атау беру ісі де қатаңдатылды, - деді Қарин.

Бұған дейін түрлі пікірталастар мен сұхбаттарда «Еліміздің идеологиясы қандай?», «Біз қандай идеологияны ұстанамыз?» деген сауалдар жиі қойылатын. Кейде мемлекеттің идеологиялық бағыты анық емес немесе мүлде жоқ деген сын да айтылып жүрді.

Оның сөзінше, мұндай пікірлердің белгілі бір дәрежеде негізі болғанын жоққа шығаруға болмайды.

1995 жылғы Конституция посткеңестік кезеңнің рухын бейнелейтін құжат болды және толыққанды идеологиялық бағдарға айнала алмады. Ол Қазақстан кеңестік жүйеден енді ғана шығып, тәуелсіздігін жаңа алған уақытта қабылданды. Сол кезеңдегі басты тарихи міндет – мемлекеттіліктің негізін қалау еді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияны әзірлеген аға буын өздеріне жүктелген миссияны абыроймен атқарды және мұны ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар сол Конституцияда Қазақстанның ұлттық болмысы, тарихи тамыры мен төл құндылықтары жеткілікті деңгейде көрініс таппағанын да мойындауымыз керек, – деді Ерлан Қарин.

Осыдан кейін Негізгі заңда ішкі саясаттың бағыттарын жан-жақты айқындайтын әрі мемлекеттік құндылықтар жүйесін түсіндіретін құжат болған жоқ. Соның салдарынан мемлекет қандай қағидаттарды негізгі ұстаным ретінде қабылдайтынын және қоғамда қандай құндылықтарды дәйекті түрде орнықтыруды көздейтінін нақты көрсету мүмкін болмады. Сондықтан идеология туралы сауалдарға ұзақ уақыт бойы бірмәнді жауап берілмеді.

Ал бүгінде заман да, мемлекет те, қоғам да өзгерді. Күн тәртібіне мүлде жаңа сын-қатерлер шықты, қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгерді, әлемдік үдерістерге деген көзқарас жаңарып, жаңа құндылықтар қалыптасты. Сондықтан қоғамның ішкі сұранысына жауап беретін жаңа Конституцияны қабылдау объективті қажеттілікке айналды, – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы мақаласында еліміздің жаңа Конституциясына тоқталды.

Биыл бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция – берік мемлекеттілік қалыптастырған, халықаралық беделін нығайтқан, өзінің тарихи тамырын айқындап, болашаққа сеніммен қадам басқан Қазақстанның Конституциясы. Бұл біздің тарихымыздағы посткеңестік кезеңнің түпкілікті аяқталғанын білдіреді. Негізгі заң заманауи саяси жүйе қалыптастыруға, тиімді мемлекеттік аппарат құруға және ұлттық мүддені қорғауға бағытталған, – делінген мақалада.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бүгінде мемлекеттік құндылықтар туралы сұрақтың нақты жауабы – Конституцияның өзі.

Енді "Біз қандай құндылықтарды ұстанамыз?" және "Біздің идеологиямыз қандай?" деген сауалдарға Конституцияға жүгіну арқылы нақты әрі сенімді жауап беруге болады. Өйткені Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол біздің өмір салтымызды, ұлттық болмысымызды және даму бағытымызды айқындайтын құжат. Басқаша айтқанда, Негізгі заң – идеологиялық құндылықтардың кодексі, – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қариннің айтуынша, Конституция мен мемлекеттік саясат идеологиялық және саяси әралуандылықты мойындайды әрі қорғайды. Сонымен бірге ұлтты біріктіретін құндылықтар да Негізгі заңда нақты көрініс табуға тиіс. Сондықтан жаңа Конституцияның преамбуласында, негізгі бөлімдері мен баптарында ұлттық болмысымыз, қоғамдық құндылықтарымыз және мемлекеттің іргелі қағидаттары жүйелі әрі дәйекті түрде айқын бекітілген.

Наверх