Мектептердегі арнайы күзет қызметінің мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін созылуы мүмкін

29 Маусым 2021, 10:08
8713
Бөлісу:
Мектептердегі арнайы күзет қызметінің мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін созылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі арнайы күзет қызметі мен оқушыларды тасымалдау мәселесі жайынды айтып берді.

Аймағамбетов мектептерді арнайы күзетпен қамту бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамту қажет. Бүгінгі күні мамандандырылған күзет қызметі қала мектептерінің 38%-ында енгізілген. Жергілікті атқарушы органдар қосымша 828 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлді. Бірақ әлі де қосымша қаржы бөлу керек, - деп айтты министр.

Оның айтуынша, қаражат 8 өңірде жеткіліксіз. Олар - Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы.

Бұл жерде тағы бір мәселені айта кету керек. Бұл білім беру ұйымдары болғаннан кейін қүзет әр жыл сайын ауыса бермеуі үшін арнайы күзет қызметімен қол қойылатын келісімшарттарын кем дегенде 1 жылдан 3 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін Қаржы министрлігінен қарастыруды сұраймыз, - деді Асхат Аймағамбетов.

Білім басшысы атап өткендей, балалардың қауіпсіздігі тегін тасымалдауды ұйымдастыру арқылы да қамтамасыз етіледі.

Республикада тасымалдау ұйымдастыруды 21 мың астам оқушы қажет етеді. Олар үшін 758 автокөлік жұмыс жасайды. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 көлікпен жаңартылды. Бүгінгі таңда автокөлік сатып алу қажеттілігі 515 бірлікті құрайды, - дейді ол.

Министрдің сөзінше, мәселені шешу үшін мектептерді автобустармен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, Аймағамбетов мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру мен оны шешу мәселесі жөнінде айтқан болатын. Сондай-ақ, бейнебақылау камерасы, дабыл түймесі мәселесі қай облыстарда шешімін таппай отырғаны туралы жазған болатынбыз. 



Өзгелердің жаңалығы