Бейнебақылау камерасы, дабыл түймесі: Мәселе қай облыстарда шешімін таппай отыр?

29 Маусым 2021, 09:58
7498
Бөлісу:
Бейнебақылау камерасы, дабыл түймесі: Мәселе қай облыстарда шешімін таппай отыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бейнебақылау камералары мен дабыл түймелерін орнату қай облыстарда шешілмей отырғанын айтты.

Ол Үкіметтегі баяндамасында басты мәселелерге назар аударды. Ең алдымен министр білім беру ордаларындағы бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілу жұмысына тоқталды.

Қазір еліміздің барлық мектебі бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Десек те, Білім және ғылым және Ішкі істер министрліктерінің бірлесіп жүргізген мониторингі осы камералардың 55%-ы ғана талаптарға сай екенін көрсетті. Жергілікті бюджеттерден бұл мәселені шешу үшін 1,4 млрд теңге қаражат қарастырылды, - деді бас ұстаз.

Айтуынша, осыдан кейін СҚО мен ШҚО-да аталған мәселе шешімін тапса, Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында қаражат әлі жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.

Аймағамбетов Үкіметте жергілікті әкімдіктерден тиісті қаражат бөлулерін сұрады.

Сонымен қатар дабыл түймелерін орнату мәселесі туралы да айтты.

Білім беру ұйымдарында дабыл түймелерін орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда олардың саны 648-ді құрайды. Тек қана Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бұл мәселе толығымен шешілді, - деп түсіндірді білім басшысы.

Аймағамбетов атағандай, проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында қаражат толық қарастырылмаған.

Естеріңізге сала кетейік, Аймағамбетов мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру мен оны шешу мәселесі жөнінде айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы