Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы: негізгі бағыттар» тақырыбында өткен брифингте БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба жобаның басты бағыттарының бірі тіл реформасы мәселесіне ерекше тоқталды.
Ұлттық жобадағы тіл саясатын іске асыру бағытының көрсеткіштерінің бірі – «Латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін» арттырып отыру.
Жазба коммуникациясы емле ережесіне жүргізіліп жатқан реформамен тығыз байланысты.
Бұл тұрғыда «Қазақ тілінің реформасы нәтижесінде емле ережелеріне өзгерістер енгізіліп, толықтырылуда, диакритикалық белгілер қосылды, кірме сөздер игеріледі, терминдерді, ономастикалық атауларды жазу жүйеленеді, ықшамдап жазу нормасы қалыптасады, брендтік атаулар цитаталық принциппен жазылады», – деді БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.Қазақ тіліне реформа жүргізудің негізгі бағыттары: әліпби, терминология, ономастика, ықшамдау, цитаталық принцип.
Тіл реформасы нәтижесінде:
- терминдер қазақ жазба тілі заңдылығына сәйкес барлығы бірдей ортақ емле ережелері негізінде немесе түпнұсқа тілдің графикалық формасына сәйкес не ұқсас жазылады;
- кісі есімдері ұлттық ономатографияға сай біріздендіріледі;
- шет тілінен енген географиялық атаулар түпнұсқа тілдегі жазылуы немесе дыбысталуына сәйкес не ұқсас таңбаланады;
- жазу қазақ тілінің табиғатын сақтай отырып, ықшамдалады;
- бренд атаулары ресми қатынаста цитаталық принциппен жазылатын болады.
Комитет төрағасы Әділбек Қаба бұл міндетті орындау мақсатында латын графикасындағы қазақ тілінің әліпбиі және емле ережелері тиісті актілермен бекітілетінін, ғылыми-әдістемелік база қалыптастырылып, емле ережелерінің негізінде Үлкен орфографиялық сөздік, Үлкен орфоэпиялық сөздік, Үлкен грамматикалық анықтамалық, топонимикалық сөздік, антропонимикалық атаулар анықтамалығы және т.б өнімдер шығарылып, көпшілікке қолжетімді болатынын хабарлады.
Сонымен қатар Қазақстанға импортталатын және елде өндірілетін техникалық құралдарда (компьютерлер, ноутбуктер, пернетақталар және т.б.) қазақ тіліндегі интерфейс пен қазақ әліпбиі әріптерінің болуы қамтамасыз етіледі.
Оқыту курстары ұйымдастырылады, оқулықтар қайта басылып шығарылатын болады, қазақ тілді БАҚ жұмысы, көрнекі ақпараттарды жаңа әліпбимен жазу, іс-қағаздарын кезең-кезеңмен көшіру және басқа да жұмыстар қамтамасыз етіледі. Барлық іс-шараны кезең-кезеңмен көшіру латын графикасына көшіру жөніндегі Іс-шаралар жоспарында белгіленетін болады.