Отандық вакцинаны әзірлеген ғалым екпе шығаратын зауыттың мүмкіндігі туралы айтты

22 Қазан 2021, 17:38
5825
Бөлісу:
Отандық вакцинаны әзірлеген ғалым екпе шығаратын зауыттың мүмкіндігі туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасына сұқбат берген Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), ғалым, QazVac вакцинасын әзірлеушілердің бірі Қуандық Жүгінісов отандық екпеге қатысты пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ кейбір сарапшылардың арасында дамыған елдердің өзі өндіріс зауытын салып, екпе жасауға 3-4 жыл уақыт кететін айтып жүргені жасырын емес. Айналдырған 9 айдың ішінде отандық екпені дайындап, үлкен жетістікке жетіп отырғанымызға қатысты ғалымның өз айтары бар.

Вакцина бұрыннан бар технология бойынша дайындалды. Өзімізге таныс, бұрыннан қауіпсіздігі жағынан да, тиімділік тұрғысынан да өзін-өзі ақтаған дәстүрлі технологияны қолдандық. Сол себепті тез арада отандық өнімді жасай алдық, - дейді Қуандық Жүгінісов.

«Зауыт бізге не береді?» деген сұраққа былай деп ағынан жарылды.

Бұл елімізде алғаш ашылып отырған вакциналық препараттар дайындайтын зауыт. Бұл зауыттың ашылуы бізге үлкен мүмкіндік береді. Яғни коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығарып, біз жасаған басқа да екпелерді жарыққа шығаруға жол ашылады деп ойлаймын, - деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институтының маманы.

Еске сала кетейік, бұған дейін ғалым QazVac вакцинасын ДДСҰ мойындауы үшін қанша қадам қалғаны туралы айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы