Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 51-бап

17 Мамыр 2022, 21:21
3735
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 51-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент құзыретін, міндеттері мен мақсатын айқындайтын баптардың бірі – 51-бап.

Нақтырақ айтсақ 51-бапта Парламент депутаттарын сайлау мәселесі ашып жазылған. Бұған дейінгі, яғни Парламент құзыретін анықтайтын Ата заңымыздағы 50-бапта көрсетілгендей, бұдан былай елде 107 емес, 98 депутат болады. Ал қазір біз талдау жасап отырған 51-бапта осы аталған 98 депутатты сайлау жайы сөз болады. 

Қазіргі қолданыстағы Конституцияда «Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтыны» ашып жазылған. Десе де Конституцияның жаңа жобасында Ассамблеядан сайланатын депутаттарды Президент тағайындайтыны айтылған болатын. Сол себепті де Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа жобасындағы 51-бапта бұл сөйлем алынып тасталды.

Бұл елдегі саяси институттың халық талабына бейімделіп, Президенттік ықпалдан халық ықпалына бет бұруының көрінісі болмақ. Сонымен қатар Парламенттегі Президент құзыретін азайтудың басты қағидаларының бір көрінісі деуге болады. 

6 тармақтан тұратын бап бұған дейін де бірнеше рет өзгеріске ұшырап (1998, 2007), бірнеше рет түсініктеме берілген (1999, 2003) болатын. Ол кезде халыққа аса жария болмай, Парламент депутаттарының мақұлдауымен ғана өзгерістер енгізілген еді. Осы жолы Мемлекет басшысының тікелей бұйрығымен жалпыхалықтық референдум жарияланып, заңдағы өзгертулер мен толықтыруларды халық талқысына салып отыр.

Сонымен, елдегі ең ықпалды саяси институтың құзыретін белгілейтін 51-бапта қандай өзгерістер болды екен, оқып көріңіздер.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

51-бап

Жаңа нұсқада: 51-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Мәжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.».

Ескі нұсқада: 51-баптың 1-тармағы

1. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап.

Өзгелердің жаңалығы