Ертұғырыл мен Ахмет Ясауиді дыбыстап, көпшіліктен жақсы баға алдым – дубляж актері

2 Қараша 2021, 12:40
3056
Бөлісу:
Ертұғырыл мен Ахмет Ясауиді дыбыстап, көпшіліктен жақсы баға алдым – дубляж актері
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кейіпкердің эмоциясын, көңіл күйін дыбыстап, дәл беру де өнер. Дубляж саласы елімізде қарқынды түрде дамып келеді. Оған мысал - кешегі шетелдік туындылардың қазақша дыбысталуы. Кейбірінің дыбысталуына құлақ түрсеңіз, қазақ па деп те қаласыз. Көпшіліктің құлағына даусы сіңімді болып, жатталып қалған дубляж актерлері бар. Олардың бірі – «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының дубляж актері Мирас Жақып. Ол сұқбат барысында дубляждің қиындығы мен қызықты тұстарымен бөлісті.

- Қазақ дубляжінің қазіргі жағдайы қалай? Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

2008 жылы оқуды тәмамдағаннан кейін екі жыл театрда актер болып жұмыс істедім. 2010 жылы Алматы қаласындағы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында дубляжға кастинг жүріп жатқанын естідім. Кастингте даусымды, тіл тазалығын және дауысты құбылту секілді әртүрлі бағыттарда өзімді сынап көрдім. Ақыры 2010 жылдан бастап ұлттық арнаға қабылдандым. Содан бері биыл 11 жыл толып отыр.

Қазақ дубляжінің қазіргі жағдайы өте қарқынды, дамып келе жатыр десек болады. Өйткені телехикаялар мен мультфильмдерден бөлек, Disney және Marvel сияқты дүниелерді дыбыстау белсенді түрде іске асырылып жатыр. Қазір тіпті голивудтық фильмдер де ана тілімізде сөйлейді. Елордамызда «Araymedia» жобасы бар. Оның бірнеше жобасына қатыстым. «Жұлдызды соғыстар», «Ойыншықтар хикаясы» секілді мультфильмдер мен фильмдерді қазақша дыбыстадым. Жалпы, бүгінгі таңда ұлттық арнамызда фильмдерді дубляждау қарқынды жүруде. Басқа ешқандай арна синхронды түрде бұлай жұмыс істемеген. Синхронды түрде дубляждау дегеніміз – кейіпкердің эмоциясын, нені сезінгенін, тіпті жөтелгеніне дейін дубляждау. Ал күнделікті жүретін түрік сериалдарындағы дубляж синхронды емес. Ол жерде тек мәтіндегі сөйлемді оқып, бірнеше кейіпкердің даусын салады. Оны – войсовер деп атайды.

- Дубляждың да екі түр бар дедіңіз. Олардың қандай айырмашылықтары бар?

- Екеуінің де қиыншылықтары бар. Мәселен, войсовер дубляжы кезінде бірнеше адамның даусын сала білу керек. Телехикаяда бір адамға 5-6 кейіпкердің рөлін ойнайтын да сәттер болады. Ол үлкен кісі немесе жас болсын, оның мінез-құлқына, мәнеріне қарай икемделу шарт. Тіпті кейде бірнеше кейіпкерің бір мезетте бір-бірімен сөйлесіп қалады, ондай кезде мәтіннен жаңылмай, сапалы дыбыстау қажет. Меніңше, экран мен мәтінге қарап, қателіксіз дубляждау – тәжірибемен келетін дүние. Ал сихронды дубляжда сіз тек бір ғана кейіпкердің даусын сомдайсыз. Синхронды түрде бір ғана рөлді бастан-аяқ алып шығасыз.

Көпшілік көрермендер кейбір фильмдердің қандай бағытта дыбысталатынын ажыратпай жатады. Мысалы, Ертұғырылды дыбыстаған кезде тарихи бағыттағы фильм болғандықтан әдеби әрі көнерген сөздер қолданылады және сол сөздерге басымдық беріледі. Ал бір-ақ рет көрсетілетін Джеки Чанның киноларына, сол секілді Голливудтың фильмдеріндегі сөйлемдер жеңілірек беріледі.

- Бізде дубляжшыларды тәрбиелейтін арнайы оқу орны бар ма?

- Бізде дубляж актерларын оқытатын оқу орны жоқ. Дубляжда жүрген қыз-жігіттердің 99%-ы – актер мамандығын бітіргендер. Әзірге елімізде бұл салада білім беретін мекеме жоқ. Бірақ актерларға сахна тілі деген сабақ жүреді. Бұған қарап, жалпы, актер өнері дубляжға бірден-бір тікелей керек қабілет. Себебі, кейіпкердің образын ашып, даусын салу – ол ең басты міндет.

- Қазіргі таңда дыбысталған жақсы фильмдер бар. Дегенмен, аударылып жатқан киноларға көңіліңіз тола ма?

- Фильмдерден бөлек, біз бір күндік шығатын фильмдерді де оқимыз. «Біткен іске – сыншы көп» деген сөз бар. Бізде де, аудармашыларда да қателік болады. Бірақ бір-біріміздің жыртығымызды жамап, эфирге сапалы дүние шығаруға тырысамыз. Өйткені аудармашылар да кеше келген мамандар емес. Бәрі тәжірибелі адамдар. Аудармадан қате кетсе, редактор жөндейді, одан қате кетіп жатса, дыбыстайтын біз де айтып жібереміз. Арасында осындай кем-кетігі болады, онсыз болмайды ғой, әрине.

- Тіл мәселесіне көшсек, шетелдік сөздерді, халықаралық терминдерді аудару-аудармау мәселесіне қалай қарайсыз?

- Басты заңдылықтардың бір атауы да өзгертілмейді. Оның ішінде адам және жер-су аттары сол қалпы қалады. Бірақ аударылуы қажет, талап етілетін де сөздер болады. Дубляж барысында келетін терминдер немесе дыбыстаудың қисынына келмейтін сөйлемдер кездеседі. Бұл жұмыстарды аудармашылар мен редакторлар сүзгіден өткізіп, бізге тапсырады.

Өздеріңіз қандай сын-пікірлер естіп жатасыздар?

- Әріптестерімізден «сіздердікі дубляж емес, текст оқып жүрген дүние ғой» деген сөздерді естіп қалдым. Бұл сөзге мен аса келісе қоймаймын. Әрине, бұрынғы дубляждар жақсы жасалған. Мысалы, өздеріңіз білетін «Менің атым Қожа» фильмі өте сапалы дыбысталған. Ол туындылардың кейіпкерлері жеке дыбыс берген. Қазір күнделікті телехикаялардың дубляжы дубляж емес, нағыз дубляж синхронды дауыс салу деген пікір қалыптасуда. Бұл жерде мәтін оқып, дауыс құбылтатын войсовер дубляжының кәдімгі өнер екенін айтқым келеді.

Қазақ дубляжын мақтайдындар да, даттайтындар да бар. Еңбегімізді бағалап жататындар да аз емес. Көрермен тарапы күнделікті телехикая көргеннен кейін соған тоқталып жатады. Меніңше, қазақ тіліндегі шетелдік фильмдерге сұраныс әлі де аз секілді. Оларды дубляждау үшін бір айдай уақыт кетеді. Мұндай дубляждың артында 40-50-ге жуық адамның еңбегі жатыр. Тікелей жұмыс істеп жатқан актерлардың еңбегі ақталып жатыр десем болады. Себебі, мультфильмдердегі аудармаларымызды Disney-дің өзі басқа көршілес елдерге қарағанда өте жоғары баға беріп отыр.

- Мүмкін, біздің телеарналардың техникалық жабдықталуы кемшін болар?

- Басқа арналарға жауап бере алмаймын. Өз басым жұмыс істейтін «Qazaqstan» Ұлттық арнасында дубляж студиясы жақсы жабдықталған. Заманауи әрі соңғы үлгідегі компьютерлер мен құлаққаптармен қамтамасыз етілген. Бұл жағынан мәселе жоқ.

- Қай кейіпкерді дыбыстауды ұнатасыз немесе кумиріңіз бар ма?

- Телехикаяларда Ертұғырылды дыбыстадым. Сонымен қатар тағы бір түрік актері - «Бозторғай» сериалындағы Бурак Өзчивиттің даусын салдым. Көбі осы бір актердің даусын жақсы салдың деп айтып жатады. Биыл ұлттық арнада көрсетілген сериалдағы Ахмет Ясауиді дыбыстадым. Бұдан бөлек, балаларға арналған мульфильмдерді оқу өте қызық. Ол өзінше бір бөлек әлем. Мультфильмдерді оқу қатты ұнайды. Ол жерде дауыс құбылту, кейіпкерлер әлеміне ену – бір ғанибет. Оның жанға сыйлайтын ләззаты бөлек.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы