Эбола індеті бақылаудан шықты: Конгода жарты жылда 5 мыңнан астам адам қайтыс болды

Мамандар көмек пен қаржының кешігуі індетті ауыздықтауға кедергі келтіріп отырғанын айтады.

 istockphoto.com 16 Қараша 2026, 11:45
16 Қараша 2026, 11:45
119
Фото: istockphoto.com

Конго Демократиялық Республикасында соңғы алты айда Эбола вирусының сирек кездесетін штамын жұқтырғандар саны 11,2 мыңнан асты. Індет салдарынан 5,5 мың адам қайтыс болды. Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығы жағдайды ортақ сәтсіздік деп бағалады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Бүгінде індеттің әлі де бақылауға алынбағаны жөнінде бәріміз ортақ пікірге келдік, – деді орталықтың бас директоры Жан Касея.

Оның айтуынша, жаңа жұқтыру жағдайларының 80 пайыздан астамы байланыста болған адамдардың тізіміне енбеген азаматтардан анықталып жатыр. Ал өлім-жітімнің 65 пайыздан астамы медициналық мекемелерден тыс жерде тіркелген.

Көмек көрсету туралы көптеген уәде берілгенімен, қажетті қолдау инфекция таралған аймақтарға әлі де жетпей отыр. Мұны «Шекарасыз дәрігерлер» қайырымдылық ұйымы мәлімдеді. Ұйым өкілдері білікті мамандардың, жедел жәрдем көліктеріне арналған жанармайдың және індеттің таралуын бақылау топтарының жетіспейтінін атап өтті.

Ал Жан Касея Конго үкіметі мен донорлар арасындағы үйлестіру жұмыстары әлі де өзекті мәселе екенін айтты. Жалпы, індетпен күреске шамамен 2,9 миллиард доллар көлемінде көмек көрсетуге уәде берілген.

Біз ешкімді кінәлап отырған жоқпыз. Мұны ортақ сәтсіздік деп айтып отырмыз, – деді ол.

Орталық басшысы донорларды уәде етілген көмектің шамамен 1,6 миллиард долларын бөлуді жеделдетуге шақырды. Сондай-ақ қаражаттың қайталанып жұмсалуына жол бермеу үшін барлық тараптың іс-қимылын үйлестіру қажеттігін айтты.

Бұған қоса, Жан Касея медицина қызметкерлерінің жалақысы бірнеше айдан бері кешіктіріліп жатқанын мойындады. Оның сөзінше, ел билігі төлем жүйесін цифрландыру жұмыстарын қолға алған.

Тағы оқи отырыңыздар:

Конгода Эбола жеті провинцияға тарады: Ауруханаларда орын жетіспей жатыр

Конгода Эбола індеті өршіп тұр: 11 мыңнан астам адам вирус жұқтырған

Конгода Эбола безгегінен қайтыс болғандар саны 50%-ға жуықтады

Наверх