Индонезия Президенті Прабово Субианто елдегі орман өрттерінен тараған түтіннің көрші мемлекеттерге әсер еткені үшін Сингапур мен Малайзия халқынан кешірім сұрады. Сондай-ақ ол өртке қатысы бар компанияларға қатысты қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Мемлекет басшысы бұл мәлімдемені жексенбі күні өткен АСЕАН отырысында жасады. Оның айтуынша, Индонезия билігі орман өрттеріне қатысы бар компаниялардың жауапкершілігін қарастырып, өрттің алдын алу шараларын күшейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта арнайы жаңа орган құру мәселесі де қарастырылуда.
Филиппиннің Сыртқы істер министрі Тереза Лазаро Индонезияның дала өрттерімен күрес бағытында атқарған жұмыстары туралы ашық ақпарат бергенін атап өтті.
Сонымен қатар АСЕАН көшбасшылары ұйымға мүше мемлекеттерді трансшекаралық ауа ластануымен күрес жөніндегі үйлестіру орталығын құру туралы келісімді ратификациялауға басымдық беруге шақырды.
Reuters мәліметінше, Индонезия соңғы 11 жылдағы ең ауқымды орман өрттерімен күресіп жатыр. Өрт салдарынан Суматра, Борнео және Папуа аралдарындағы үлкен аумақтар зардап шеккен.