Дропперлер мен интернет-казино: Қарағандыда 415 млн теңгеге қатысты іс сотқа жолданды

28 Қыркүйек 2026, 10:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 28 Қыркүйек 2026, 10:50
28 Қыркүйек 2026, 10:50
235
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қарағанды облысында интернет-казино ойыншыларының ақшасын қабылдап, аударумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ  Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда күдіктілер «Vavada» интернет-казиносының өкілдерімен Қазақстан аумағында ойыншылардың ақшасын қабылдау және шығару жөнінде келіскен.

Тергеу дерегіне сүйенсек, топ мүшелерінің міндеттері бөлінген. Бірі жұмысты үйлестіріп, интернет-казино өкілдерімен байланыс орнатқан. Екіншісі банк шоттарын пайдалануға беретін адамдарды іздеп, олардың шоттарына қол жеткізген және операторларды жұмысқа тартқан.

Операторлар Қарағандыда жалға алынған кеңседе тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген. АФМ мәліметінше, схемаға 23 дропперлік шот пайдаланылған. Олар арқылы жалпы сомасы 415 млн теңгеден асатын операциялар жүргізілген.

Екі күдікті үйқамаққа алынды. Сот санкциясымен олардың жеке үйіне, екі жер теліміне және Mercedes-Benz көлігіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда үйсіз адамдарды дроппер болуға жалдаған ер адам ұсталған еді.

Сондай-ақ, Қайсар Қамза мен басқа блогерлерді заңсыз казино жарнамасына тартқан өзбекстандыққа іздеу жарияланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Биыл 711 дропперлік жағдай анықталды. Қалай сақтанамыз?

150-ден астам дропперді басқарған қылмыстық желі әшкереленді: ҚМА күдіктілерді ұстады

Наверх