Биыл 711 дропперлік жағдай анықталды. Қалай сақтанамыз?

Дроппер – өз банк картасын, есепшотын немесе электронды әмиянын бөтен адамдардың пайдалануына беретін адам.

Бүгiн 2026, 18:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 18:50
Бүгiн 2026, 18:50
135
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың түрі көбейіп, қылмыскерлер ақша ізін жасырудың түрлі тәсілдерін қолдана бастады. Солардың бірі – дропперлерді пайдалану. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бүгінде интернет алаяқтарының көпшілігі ұрланған қаражатты дәл осындай адамдардың банк шоттары арқылы өткізіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дроппер деген кім?

Дроппер – өз банк картасын, есепшотын немесе электронды әмиянын бөтен адамдардың пайдалануына беретін адам. Кей жағдайда ол мұны әдейі жасайды, ал кейде заңсыз әрекетке қатысып жатқанын өзі де білмеуі мүмкін.

Әдетте алаяқтар жұмыс іздеп жүрген азаматтарды нысанаға алады. Олар «қашықтан жұмыс», «қаржы менеджері», «делдал қызметі» деген желеумен банк картасын пайдалануды сұрайды. Кейін сол шот арқылы заңсыз жолмен алынған ақша өткізіледі.

Статистика не дейді?

Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылдың қыркүйегінен бастап енгізілді. Бұған дейін мұндай адамдар көп жағдайда куәгер ретінде ғана қарастырылып келген.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында ел бойынша 711 дропперлік факті тіркелген. Ал Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, жылдың алғашқы төрт айында 566-дан астам жағдай анықталып, оның 169-ы бойынша тергеу аяқталған.

Бұл көрсеткіштер интернет-алаяқтық схемаларында дропперлердің рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.

Өзіңізді қалай қорғайсыз?

Мамандар бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді:

  • банк картасын және есепшот деректерін ешкімге бермеу;
  • SMS арқылы келетін кодтарды бөгде адамдарға айтпау;
  • мобильді банкингке қолжетімділікті үшінші тұлғаларға ашпау;
  • күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бас тарту;
  • шотыңызға белгісіз ақша түссе, бірден банкке және полицияға хабарласу.

Бүгінде алаяқтар түрлі айлаға баруда. Бірақ олардың схемасы көбіне қарапайым азаматтардың қатысуынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан өз картаңызды қорғау – тек ақшаңызды емес, өзіңізді де қорғау деген сөз.

Наверх