Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында 1 шілдеден бастап мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртудың жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент бұл өзгерістерді кезекті әкімшілік реформа емес, елдің даму бағытын айқындайтын тарихи бетбұрыс деп бағалады.
Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз, - деді Мемлекет басшысы.
Айтуынша, біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттеміз.
Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет. Былтырғы Жолдауымда Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанымды білесіздер. Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты. Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн, - деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ ол басты мұратты атады.
Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек. Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Президенттің қатысуымен Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Құрылтай цифрлық дәуірге сай жұмыс істеуі керек екенін айтты. Сөзінше, Құрылтай технологиялық прогрестің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналады.
Тағы оқи отырыңыз: Тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз – Тоқаев
"Кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды": Президент конституциялық реформалардың маңызын атады