Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Құрылтай депутаттарына заң шығару қызметінің сапасы мен жеделдігін арттыру міндетін жүктелетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің сөзінше, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Құрылтай ұлттық заңнаманы қарқынды өзгеріп жатқан цифрлық ортаға бейімдеу үшін жедел жұмыс істеуге тиіс.
Бұл – аса маңызды міндет. Өйткені, ол Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екенін айқындайды. Құрылтай технологиялық прогрестің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналады деп сенемін, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев 2025 жылдың қазан айында өткен парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында e-Parlament жүйесін енгізу мәселесі қаралғанын еске салды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның электрондық үкіметі халықаралық рейтингтерде әлемнің үздік 25 елінің қатарына кіреді.
Мемлекет басшысы жаңадан сайланған депутаттар заң шығару үдерісіне болжамды талдау, экономикалық салдар мен әлеуметтік тәуекелдерді модельдеу, сондай-ақ үлкен деректерді басқару құралдарын кеңінен пайдалануы қажет екенін атап өтті.