Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекеттің негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс.
Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн. Сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық реформалар мен өзгерістер, ең алдымен, азаматтардың мүддесіне қызмет етуге тиіс. Экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, көрсеткіштерін ұлғайту қажет, - деді Президент.
Сонымен қоса, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін жаңа тарихи кезең басталатынына тоқталды.
Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде басталады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады. Яғни мақсаты да, мағынасы да бөлек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Президенттің қатысуымен Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Құрылтай цифрлық дәуірге сай жұмыс істеуі керек екенін айтты. Сөзінше, Құрылтай технологиялық прогрестің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналады.
Тағы оқи отырыңыз: Тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз – Тоқаев