Белгілі қазақ жазушының романы бауырлас түрік елінің оқырмандарымен қауышты

4 Қыркүйек 2023, 18:28
1676
Бөлісу:
Белгілі қазақ жазушының романы бауырлас түрік елінің оқырмандарымен қауышты

Белгілі қазақ жазушының романы жүз миллион халқы бар бауырлас түрік елінің оқырмандарымен қауышты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Филология ғылымының кандидаты, ғалым-жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, М. Шолохов атындағы медальдің иегері Иманғазы Нұрахметұлының «От пен су» атты тарихи романы түрік тілінде «Od ile su» деген атпен басылып шықты.

Роман әлемді дүр сілкіндірген ғұн империясын құрушы, ұлы қолбасы Мөде ханның дүниеге келу сәтінен бастап жастық өмірін арқау еткен, сонымен бірге тарихи шығармада көне түркілердің дәстүрі, ғұрпы, көшпенділердің аңыздары, ертеде айтылатын әпсаналары баяндалған. Түрік оқырмандарын бірінші кезекте сондай этнографиялық көріністер тартатыны сөзсіз. Сол үшін Мөде хан туралы романның Анадолы оқырмандарына жол тартуы түрік ағайындар үшін сүйінші жаңалық десек артық айтпаспыз. Мете қағанның өмірі оғыз тобындағы ағайындарды бұрыннан қызықтырып келген, өйткені түріктер оны оғыздардың ескі тарихымен байланыстырып қарастырады. Десе де Түркиялықтарда ұлы түркі батырлары көбіне мұсылмандық кезеңге байланысты сипатталады. «От пен су» романы осы бір олқылықтың орнын толтырып тұрғандай. Өйткені романда тарихи оқиғалар мен этнографиялық деректер шындық тұрғыға жақындастырып, түркілердің көне аңыздары мен тәңірлік сенімдеріне едәуір көп орын беріледі. Баланың есімін қоюдан бастап тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл ежелгі тұрмыстар фольклорлық мұралар негізінде қайта жаңартылған.

Белгілі қазақ жазушының романы бауырлас түрік елінің оқырмандарымен қауышты

Тарихи романның бірден-бір ерекшелігі, мұнда араб-парсының кірме элементтері алынбай, сол дәуірдің тілі көне түркі мұраларындағы лексикалық қор негізінде жазылды. Мысалы, қазіргі күні жиі айтылатын арабтың халық сөзі мүлдем қолданылмаған, оның орнына Күлтегін ескерткішіндегі бодун сөзі кездеседі. Сол сияқты әйел, әскер деген тілдегі белсенді кірмелері орнына қатын, қосын, қол деген тарихи атаулар жұмсалған. Осылайша романда тарихи сөздер, көне есімдер, жер-су атаулары барынша мол қамтылып, соның арқасында ескі деректер тарихи шындықты тірілтуге қызмет еткен. Бүгінгі күннің оқырманына түсінікті болуы үшін әр көне сөздерге беттің төменгі жағында түсініктеме берілген.

Қысқасы, шындыққа жанасатын күрделі сюжет пен қызық оқиғаның өрбуі, кейіпкерлердің әрекеттері мен сөз қолданыстары сізді шынымен Ғұн заманына апарады. Көне тарихтың тереңіне енді түрік ағайындар шомып, бір жағынан ата жұрты Алтай, Орта азия, Моңғолиядағы бауырлардың көне дәстүріне қанық болып, ілгеріде кітапты қиноға арқау етуі де ғажап емес.

Түркі-тұран, сақ-ғұн тарихы түркі халқын әрқашан қызықтырып келеді. Көнедегі ғажап өмірді, үстемдік құрған дәуірді түркі баласы аңсап армандайды, әсіресе сол империялық сананы осы күнге дейін бұлжытпай сақтап келе жатқан Осман империясының қазіргі оғлан ұрпақтары сақтап, болашаққа сеніммен қарап келеді. Рухты көтеріп, бір сәтте түсірмей тұрған осындай шындыққа негізделген патриоттық шығармалар десек артық айтқандығымыз емес. Түркиядағы баспагерлер сондықтан «От пен су» романы қазақ тілінде шығар шықпас аударуға кірісті, енді міне 2023 жылдың тамыз айында сол күнге жетіп отырмыз, қазақ жазушысының ерен ерлікті, мәңгілік елді жырлаған рух сыйлатын романы Түркияда жарық көрді. Бұл еңбек жалғасын тауып, бауырлас елдерде насихаттала берсе екен дейміз, игі іс жалғасты болсын.

Түркі тілдес түгел бол, Тәңірі түркілерде жар болғай!

Мәрлен Әділов

Өзгелердің жаңалығы