Астанада ер адам іс жүзінде ешқандай қысқарту болмағанын дәлелдеді. Ол жұмыстан шығарылған сәттен бастап есептелген жалақысы мен моральдық өтемақысын сот арқылы өндіріп алды.
Елорда сотында айтылғандай, Т. есімді қызметкер акционерлік қоғамның департамент басшысы лауазымын атқарған. Ал жұмыс беруші оған қысқарту туралы хабарлама беріп, еңбек шартын бұзған.
Бірінші сатыдағы сот қызметкердің талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сот жұмыс берушіде тиісті бұйрық пен штаттық өзгерістер туралы құжаттар болғандықтан, жұмыстан шығару шарасы дұрыс жүргізілген деп есептеді. Бірақ апелляциялық саты мәселеге тереңірек үңілді, - деп түсіндірді Астана сотының баспасөз қызметі.
Анықталғандай, кадрлық өзгерістерден кейін АҚ-дағы қызметкерлердің жалпы саны азаймаған: штаттық бірлік бұрын қалай 244 болса, солай 244 күйінде қалған. Департамент басшысы лауазымын алып тастаумен қатар, соған байланысты бағытта бас маманның жаңа лауазымы пайда болған.
Еңбекақы төлеу қоры азайған, дегенмен қысқартылған лауазымның жалақысы жоғары болған. Басқаша айтқанда, қағаз жүзінде лауазымның атауы жойылған. Бірақ сотқа ең басты мәселені - Т.-ның міндеттері нақты қайда кеткенін, оның бұрынғы жұмысын кім атқара бастағанын, ұқсас лауазымдардың болған-болмағанын, жаңа қызметкерлердің қабылданған-қабылданбағанын және бос жұмыс орындарының (вакансиялардың) бар-жоғын анықтау қажет болды, - деп түсіндірді сотта.
Ведомстводан атап өткендей, жұмыс беруші нақты қысқартуды дәлелдей алмаған.
Жұмыс беруші толық көріністі, дәлірек айтқанда, жұмыстан шығаруға дейінгі және одан кейінгі штаттық кестені, кадрлардың ауысуын, бос жұмыс орындарының тізімін, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау туралы мәліметтерді, қызметкер кеткеннен кейінгі міндеттердің бөлінісін көрсете алмады. Еңбек дауы кезінде мұндай құжаттар қызметкерде емес, жұмыс берушіде болады, - деп хабарлады соттан.
Сонымен қатар, апелляциялық саты өткен келісу комиссиясының заң бұзушылықтармен жүргізілгенін мойындады, ал бірінші сатыдағы сот қысқартудың шынайы болған-болмағанын тексермеген.
Нәтижесінде, кадрлық және штаттық құжаттар жұмыс берушінің қолында болса да, жұмыстан шығарудың заңсыздығын дәлелдеу міндеті іс жүзінде қызметкердің өзіне жүктеліп кеткен.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, жаңа шешім қабылдады. Т.-ны жұмыстан шығару туралы бұйрық заңсыз деп танылды. Қызметкер жұмыстан шығарылған күннен бастап бұрынғы лауазымына қайта орналастырылды. Оның пайдасына мәжбүрлі түрде жұмысқа шықпаған уақыты үшін орташа жалақысы және моральдық зиянның өтемақысы өндірілді, - деп хабарлады Астана сотынан.
Сотта атап өткендей, қысқарту - бұл жай ғана бұйрықтағы жол емес. Жұмыс беруші лауазымның шынымен жойылғанын, міндеттердің басқа адамдарға жасырын түрде берілмегенін, ал кадрлық өзгерістердің нақты бір қызметкерден құтылудың амалына айналмағанын дәлелдеуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Президенттік саябақта тротуарда көлікпен жүрген жүргізуші 10 тәулікке қамалды.
Тағы оқи отырыңыздар:
«Грантқа түсіремін»: Астанада 100-ден астам адамды алдаған алаяқ сотталды
Астанада жасөспірімдер 5 оқушыны ұрып-соққан: Қылмыстық іс қозғалды