Нұрсұлтан Назарбаев Абай облысындағы қайғылы жағдайға байланысты қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл айтты, деп жазады BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтында хабарланды.
Абай облысындағы ауқымды өрт салдарынан орман шаруашылығының бірқатар жұмысшыларының қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін. Қолға алынып жатқан шаралар арқылы бұл апат еңсеріледі деп сенемін, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 8 маусым күні «Семей орманы» резерватынан өрт шықты. Төтенше жағдай басталғаннан өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жедел жұмысқа кірісіп, міндеттерін мүлтіксіз өтеуде.
Өрттің жайылып кетуіне байланысты Семейде төтенше жағдай жарияланды. Қазір сала мамандары тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.
Өкінішке қарай өрт салдарынан 14 адам опат болды. Кеше орман өртінен қаза тапқандар «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бүгін Ұлттық аза тұту күні ел аумағы бойынша мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телерадиода ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылды.