- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 1 қарашадан бастап Қазақстанда не өзгереді?
1 қарашадан бастап Қазақстанда не өзгереді?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
29 Қазан 2026, 09:30
Қараша айында Қазақстанда бірнеше маңызды өзгеріс күтіледі. Оқушылар күзгі демалыстан кейін мектепке оралады, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жалғасады. Сонымен қатар Астана әуежайында жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін сынақтан өткізу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу мен асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты әлеуметтік төлемдерді арттыру мәселелері қаралады. Қарашада қанша күн демаламыз және ауа райы қандай болады? BAQ.KZ тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Қарашада неше күн демаламыз?
2026 жылғы қарашада Қазақстанда мемлекеттік мерекелер жоқ. Сондықтан бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін азаматтар сенбі және жексенбі күндері демалады.
Жалпы, қараша айында 9 сенбі-жексенбі бар.
Қарашадағы кәсіби мерекелер
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 қарашадағы №480 бұйрығына сәйкес, қарашада мынадай кәсіби мерекелер атап өтіледі:
- 5 қараша – Сыртқы барлау күні;
- 8 қараша – Статистика күні;
- 10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні;
- 15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні, Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі;
- қарашаның үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні;
- қарашаның үшінші сенбісі – Бұрғылаушы күні.
Оқушылар мектепке оралады
2026 жылғы күзгі демалыс 26 қазаннан 1 қарашаға дейін жалғасады. Оқушылар сабаққа 2 қарашада қайта кіріседі.
Екінші тоқсан да сегіз оқу аптасына созылады. Қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасып, 14 күнге созылады.
Бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша жеті күндік демалыс қарастырылған.
Үшінші тоқсан 10 оқу аптасына созылады. Көктемгі демалыс 2027 жылғы 22-28 наурыз аралығында өтеді.
Төртінші тоқсан сегіз оқу аптасына созылып, оқу жылы 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Қарашада ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, қараша айында Қазақстанның бірқатар өңірінде қатты жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман болуы мүмкін.
Айдың екінші жартысында аяз күшейеді деп болжанып отыр. Суық ауа массалары енген кезде ауа температурасы:
- республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде –15…–24°C-қа дейін, күндіз –7…–12°C-қа дейін төмендеуі мүмкін;
- батыс өңірлерде және елдің оңтүстік жартысында түнде –3…–15°C, күндіз 0…–7°C шамасында болады.
Ал Орта Азия мен Жерорта теңізі жақтан жылы ауа массалары келген кезде күндізгі температура:
- республиканың басым бөлігінде +3…+8°C-қа дейін;
- оңтүстік өңірлерде +8…+15°C-қа дейін көтерілуі ықтимал.
Жалпы, қарашада ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады деп күтіледі. Елдің қиыр батысында нормадан 1°C жоғары, ал оңтүстіктің, оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында 1°C төмен болуы мүмкін. Бұл болжам Түркістан, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына, сондай-ақ Жамбыл мен Алматы облыстарының оңтүстігіне қатысты.
Жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде климаттық нормаға жуық болады. Солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс өңірлердің бірқатарында нормадан көп жауын-шашын күтіледі. Олардың қатарында Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары, Ақмола облысының шығысы, Атырау мен Ақтөбе облыстарының солтүстік-батысы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының қиыр солтүстігі бар.
Ал елдің оңтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Қарағанды мен Ұлытау облыстарының қиыр оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы мүмкін.
Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 88-бабының 5-тармағына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Ерманның мәліметінше, кандидаттар ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталады. Кандидаттарды тіркеу 1 қарашада сағат 18:00-де аяқталуы керек.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 2-27 қараша аралығында жүргізіледі. 28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.
Дауыс беру 29 қарашада өтеді. Сайлау қорытындылары 3 желтоқсаннан кешіктірілмей шығарылуға тиіс.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы сайлауда 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.
Астана әуежайында жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілуі мүмкін
Қазақстанның Көлік министрлігі Астана қаласының әуежайында жасанды интеллектіні пайдалана отырып, жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Жоба жолаушыларға қызмет көрсету үдерісін жақсартуға бағытталған. Биометриялық сәйкестендіруді енгізу қызмет көрсету уақытын қысқартуға, ұшар алдындағы рәсімдерден өтуді оңтайландыруға және әуежайдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Жоба 2026 жылғы 4 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Әлеуметтік төлемдер 8,5%-ға өсуі мүмкін
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірледі.
Құжат 2026 жылғы 2 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Ең оқылған:
- «Ұстаз сабақ бере ме, әлде ата-анадан сөз ести ме?»: Аймағамбетов мұғалімдердің жанайқайын жеткізді
- Жолдау-2026: Еліміз қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру маңызды
- «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері»: Президент Жолдауының толық мәтіні
- Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздердің алдын ала күні белгілі болды
- Қазақстанда инсультке шалдыққандар көп: Дәрігер қандай белгілерге мән беру керегін түсіндірді