7 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың зейнетақы жинағына қатысты не өзгереді?

3 Қыркүйек 2026, 12:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 3 Қыркүйек 2026, 12:30
3 Қыркүйек 2026, 12:30
114
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинағының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке басқарушыларға беру мүмкіндігіне ие болады.

Ықтимал табыстылық пен тәуекелдерді қалай бағалауға болады және компания таңдағанда неге назар аудару керек? BAQ.KZ тілшісі мұндай шешім қабылдамас бұрын салымшылар нені білуі керегін сарапшыдан сұрап білді.

Алты компания

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген: Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Global Markets, Halyk Finance, «Сентрас Секьюритиз» және Tansar Capital. Алайда Halyk Global Markets 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардан жаңа өтініштер қабылдамайды. Сондықтан жаңа аударымдар үшін қалған басқарушы компаниялар қолжетімді.

Бұған дейін Halyk Global Markets-ке берілген салымшылардың зейнетақы активтері шарт тоқтатылғанға дейін компанияның басқаруында қала береді. Одан кейін олар Ұлттық Банктің басқаруына беріледі.

Компаниялардың табыстылығы қандай?

Бизнес-трекер Геннадий Ким Ұлттық банк пен жеке компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығындағы айырмашылыққа назар аударады.

2026 жылғы 1 тамыздағы соңғы қолжетімді деректерге қарасақ, Ұлттық банктің басқаруындағы активтердің 12 айдағы табыстылығы 7,13% болды.

Жылдық тарихын салыстыруға болатын жеке басқарушылардың көрсеткіші 9,34%-дан 15,63%-ға дейін жетті. Мысалы, «Сентрас Секьюритизде» – 15,63%, Alatau City Invest-те – 10,99%, BCC Invest-те – 9,35%, Halyk Finance-та – 9,34%.

Яғни кейбір жеке басқарушылар Ұлттық банктен айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті. Бірақ шілдедегі жылдық инфляция 10,2% болды. Демек инфляциядан бәрі бірдей жоғары нәтиже көрсете алған жоқ, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар өткен кезеңдердегі нәтижелер болашақта да дәл сондай табыстылық болатынына кепілдік бермейді.

Қайсысы тиімді – Ұлттық банк пе, әлде жеке басқарушы компания ма?

Геннадий Кимнің айтуынша, Ұлттық банк неғұрлым консервативті стратегияны ұстанады. Мұнда негізгі басымдық қаражаттың сақталуы мен ұзақ мерзімді тұрақтылыққа беріледі.

Ал жеке басқарушылар икемдірек әрекет ете алады. Соның ішінде қаражаттың көбірек бөлігін акцияларға, шетелдік қаржы құралдары мен ETF-терге инвестициялай алады.

Бұл жоғары табыс алуға мүмкіндік береді, алайда сонымен бірге құбылмалылықтың да жоғары болуын білдіруі мүмкін.

Бұл мәселеге «бәрін аудару керек пе, әлде мүлде аудармау керек пе?» деген тұрғыдан қарамаған жөн. 7 қыркүйектен бастап жинақтың 100%-на дейінгі бөлігін жеке басқарушыларға беру мүмкіндігі – құқық. Бұл міндетті түрде осы құқықты пайдалану керек деген сөз емес. Ұзақ мерзімді көкжиегі бар адам үшін қаражаттың бір бөлігін жеке басқарушыға беру әртараптандыру тәсілі болуы мүмкін. Бірақ шешім бәрібір әр адамға жеке байланысты қабылдануы керек, – дейді сарапшы.

Неліктен жеке басқарушылар қазақстандықтар арасында әзірге сұранысқа ие емес?

28 343,6 млрд теңгені құрайтын зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің небәрі 137,5 млрд теңгесі ғана жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруында.

Бизнес-трекер Геннадий Кимнің пікірінше, мұндай көрсеткішті бірнеше себеппен түсіндіруге болады.

Соның бірі – зейнетақы жинағының ұзақ мерзімді сипаты. Жинақты тұрғын үй немесе емделуге пайдаланудан айырмашылығы, инвестициялық табыстың ықтимал әсері бірден сезілмейді.

Көпшілік үшін зейнетке шығу әлі тым алыс нәрсе болып көрінеді. Адамдар жинағын ипотекаға немесе емделуге белсенді пайдаланады, өйткені оның нәтижесі бірден түсінікті. Ал болашақтағы табыстылықтың айырмашылығы абстрактілі болып көрінеді, – дейді сарапшы.

Ким тағы бір фактор ретінде сенімнің жеткіліксіздігін атайды. Бизнес-трекердің пікірінше, зейнетақы жүйесіндегі ережелердің өзгеруі салымшылардың бір бөлігінде бүгін қабылданған шешім болашақта тиімсіз болып қалуы мүмкін деген қауіп қалыптастырған.

Бұдан бөлек, басқарушыны өз бетінше таңдау белгілі бір деңгейде қаржылық сауаттылықты талап етеді. Салымшы компаниялардың инвестициялық декларацияларын, портфельдерінің құрылымын, тәуекел деңгейі мен комиссияларын салыстыруы қажет.

Экономист Айдар Әлібаев қызығушылықтың төмен болуының бір себебі – олардың жұмысы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі деп санайды. Оның пікірінше, компаниялар әзірге клиенттер үшін аса белсенді күресіп жатқан жоқ және өз артықшылықтары туралы да көп айта бермейді.

Ол қазіргі жағдайды Қазақстанда жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істеген кезеңмен салыстырды. Ол кезде олардың арасында айтарлықтай бәсеке болған. Компаниялар жарнамаға қаржы салып, салымшыларды тартуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға тырысқан.

Яғни нақты бәсеке болды. Қазір мұндай көрініс неге екені белгісіз, байқалмайды. Бүгінде жеке басқарушылар арасында салымшы үшін белсенді күрес жүріп жатыр деп айта алмас едім, - дейді Айдар Әлібаев.

Экономистің пікірінше, басқарушы компаниялардың клиенттер тартуға деген қызығушылығы артуы керек.

7 қыркүйектен бастап салымшылардың мүмкіндігі тағы бір бағыт бойынша кеңейеді. Басқарушылар үш инвестициялық портфельге дейін ұсына алады – консервативті, қалыпты және тәуекелі жоғары. Олар тәуекел деңгейі, күтілетін табыстылығы және инвестиция құрылымы бойынша ерекшеленеді.

Сондықтан таңдау кезінде әртүрлі компаниялардың көрсеткіштерін ғана емес, олар ұсынатын нақты инвестициялық стратегияны да салыстырған жөн.

Басқарушы компанияны қалай таңдауға болады?

Геннадий Кимнің пікірінше, компанияны бірден бірнеше көрсеткіш бойынша бағалау қажет.

Атап айтқанда, неғұрлым ұзақ кезеңдегі табыстылыққа назар аударған жөн. Мысалы, үш-бес жылдағы көрсеткішін қарап, оны инфляция деңгейімен салыстыру керек.

Сондай-ақ инвестициялық портфельдің құрылымы, акциялар мен облигациялардың арақатынасы, валюталық әртараптандыру, комиссия мөлшері және компанияның өзінің қаржылық тұрақтылығы маңызды.

Бұдан бөлек, басқарушыға реттеуші тарапынан санкциялар немесе басқа да шаралар қолданылған-қолданылмағанын тексеру маңызды. Бұл ақпарат invest.enpf.kz платформасында бар, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, барлық салымшыға бірдей сәйкес келетін әмбебап инвестициялық стратегия жоқ. Өйткені адамның жасын және зейнетке шығуына қанша жыл қалғанын ескеру қажет.

Экономист Айдар Әлібаев шешім қабылдамас бұрын бірнеше басқарушы компанияның ұсынысын салыстыруға кеңес береді.

Онда салымшыға инвестициялық портфельдің құрылымын көрсетіп, қаражаттың қайда инвестицияланатынын және компанияның тек қазіргі уақытта ғана емес, соңғы бірнеше жылда қандай табыстылық көрсеткенін түсіндіре алады, – дейді Әлібаев.

Сарапшы сондай-ақ инвестициялық портфельдің құрылымын зерттеп, компанияның зейнетақы қаражатын қайда инвестициялайтынын анықтау қажет деп есептейді.

Сонымен қатар сарапшы тек бір басқарушы компаниядан кеңес алғаннан кейін бірден шешім қабылдамауға кеңес береді. Әр компания өз артықшылықтарын көрсетуге мүдделі болғандықтан, ұсыныстарды салыстырған дұрыс.

Зейнетақы жинағын жеке компанияның басқаруына беру – маңызды қадам. Сондықтан бұл мәселеге уақыт бөліп, содан кейін ғана таңдау жасаған жөн, – деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, бұған дейін жасанды интеллект енді жұмыс, зейнетақы және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне араласатынын хабарладық. Жыл соңына дейін ЖИ жұмыс іздеушілерге қолдау шараларын таңдаудан бастап, зейнетақы тағайындауға ұсыным қалыптастыруға дейінгі бірқатар бағытқа енгізіледі.

Тағы оқи отырыңыз: Зейнетақы жүйесінде не өзгерді? Сарапшы түсіндірді 

2027 жылы ең төменгі жалақы, зейнетақы және АЕК қанша болады? 

Болашақ зейнетақыны қалай көбейтуге болады? 

 

Наверх