Зейнетақы жүйесінде не өзгерді? Сарапшы түсіндірді

Базалық зейнетақы енді бірдей мөлшерде төленбейді. Оның көлеміне әсер ететін бірнеше маңызды фактор бар. Сарапшы өзгерісті түсіндірді.

11 Тамыз 2026, 17:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 11 Тамыз 2026, 17:51
11 Тамыз 2026, 17:51
217
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Базалық зейнетақының мөлшері азаматтың еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің сарапшысы Жамали Жәдігеров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, базалық зейнетақы – зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекеттің ай сайын төлейтін кепілдендірілген төлемі. Ол зейнетақы жүйесінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі саналады.

Бүгінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ын, ал ең жоғары мөлшері 118%-ын құрайды. Төлем көлемін анықтау кезінде азаматтың еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі ескеріледі.

Сарапшы азаматтың болашақ базалық зейнетақысының мөлшеріне өзі де әсер ете алатынын атап өтті. Ол үшін ресми еңбек ету және зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысу маңызды.

Егер азаматтың ресми еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі болса, базалық зейнетақы ең жоғары мөлшерге дейін тағайындалуы мүмкін. Сондықтан ресми түрде еңбек етіп, зейнетақы жүйесіне тұрақты түрде қатысу өте маңызды, - деді Жамали Жәдігеров.

Еңбекминінің өкілінің түсіндіруінше, бұған дейін базалық зейнетақының мөлшері азаматтардың еңбек өтіліне қарамастан бірдей болған. Қазір төлем көлемі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай белгіленеді. Яғни еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, базалық зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болады.

Бұл тәсіл азаматтарды ресми еңбек етуге және зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысуға ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде азаматтардың болашақта жоғары мөлшерде зейнетақы алу мүмкіндігі артады.

Еске салсақ, бұған дейін жасанды интеллект енді жұмыс, зейнетақы және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне араласатынын хабарладық. Жыл соңына дейін ЖИ жұмыс іздеушілерге қолдау шараларын таңдаудан бастап, зейнетақы тағайындауға ұсыным қалыптастыруға дейінгі бірқатар бағытқа енгізіледі.

Тағы оқи отырыңыз: Болашақ зейнетақыны қалай көбейтуге болады? 

Нұрай Зинелова

Наверх