Жасанды интеллектіні еңбек және әлеуметтік қорғау саласында қолдану аясы кеңейтіледі. Жыл соңына дейін ЖИ тағы бес бағыт бойынша енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, III тоқсанда жасанды интеллект жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдамалар беру кезінде қолданылады.
Жүйе жұмыс іздеушінің сәйкестігін автоматты түрде бағалап, оған қажетті қолдау шараларын іріктейді.
Сонымен қатар азаматтың бейіні мен қажеттіліктерін ескере отырып, жеке ұсынымдар қалыптастыру жоспарланып отыр.
Жасанды интеллектіні кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындау кезінде де қолдану жоспарланған, - деді Ертаев.
Бұл ретте жүйе медициналық деректерді талдап, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін ескере отырып, шешім жобасын қалыптастырады.
Министрдің айтуынша, IV тоқсанда жасанды интеллект негізіндегі цифрлық модельдерді әзірлеу жоспарланып отыр.
Олар:
- сканерленген еңбек кітапшаларын тану;
- жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынымдар қалыптастыру;
- ел кәсіпорындарындағы қауіпсіздік және еңбек жағдайлары саласындағы еңбек тәуекелдерін анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі талдауды енгізу.
Осылайша, жыл соңына дейін жасанды интеллектіні еңбек және әлеуметтік қорғау саласында қолданудың жаңа бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект жәрдемақыны кімге тағайындау керегін өзі анықтайтыны туралы хабарладық.