150 мың теңге жалақы, білікті педагог, сапалы білім: Павлодар облысында білім жүйесінің жағдайы қалай?

22 Желтоқсан 2023, 14:39
2450
Бөлісу:
150 мың теңге жалақы, білікті педагог, сапалы білім: Павлодар облысында білім жүйесінің жағдайы қалай?
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2023 жылы Павлодар облысының білім саласында қандай жұмыстар атқарылды? Қандай мәселелер шешімін тапты? Павлодар облысы Білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңіріміздегі білім беру саласы жергілікті бюджеттен бөлінген тиісті қаражатпен қамтамасыз етіліп бірқатар мәселе шешімін тауып жатыр. Биыл Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Павлодар облысы білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы» әзірленді, - деді басқарма басшысы.

Самал Айтқазина жол картасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Балабақша: тегін тамақ, орын

Бүгінгі таңда Пайлодар облысында 33 037 баланы қамтитын 381 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Білім басқармасы басшысының айтуынша, облыста 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93%-ы балабақшамен қамтылған.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін биыл 3 459 жаңа орны ашылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 199 орынға артып отыр. Сонымен қатар келесі жылы 640 орынға 3 мектепке дейінгі ұйымды ашу жоспарда бар, - деді ол.

Айтқазинаның айтуына қарағанда, осы жұмыстардың арқасында екі жыл ішінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 94%-ға дейін ұлғайтылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан, жекелеген санаттағы 6 521 балаға тегін тамақтану ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында облыста 2 мектепке дейінгі ұйымда «Құзыреттілік орталық» өз жұмысын бастады, - деп түсіндірді басшы.

Сонымен қатар жол картаның тармақтарын орындау барысында, жергілікті бюджеттен 5 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді.

Ескі мектеп, орын тапшылығы: Мектептерде жағдай қалай?

Облыста 361 жалпы білім беретін мектепте116 097 оқушы оқиды.

Бірнеше жылдар бойы аймағымызда өзекті мәселелердің бірі - 3 апатты мектептің орнына жаңа мектеп салу болды. Биыл өңіріміздегі апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді. Жекеменшік инвестициялар тарту негізінде Железин ауданының Моисеевка ауылында және Баянауыл ауданының Қаражар ауылында әрқайсысы 100 орындық 2 мектеп салынып, пайдалануға берілді, - дейді ол.

Павлодар ауданының Сычевка ауылында да осы тәртіп негізінде 120 орындық мектеп құрылысы жылдың соңына дейін аяқталады.

Үш ауысымды және орын саны шамадан тыс мектептердің мәселесін шешу мақсатында білім беруді дамыту инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен қаланың ортасында орналасқан Ш. Шөкин атындағы мектеп-гимназияға бір ауысымда 312 орындық жапсаржай құрылысы аяқталуға жақын, сондай-ақ 2 мектепке жапсаржай құрылысы жоспарланып отыр, - деп айтты Самал Айтқазина.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 400 орындық 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 1 200 және 600 орындық 2 мектептің құрылысы басталды. Осылайша, 2025 жылы оқушы орындарының тапшылығы жойылады деп көзделіп отыр.

Оның сөзінше, жоспарланған 54 ауыл мектебінің барлығы жаңғыртылды. Келесі екі жыл ішінде 108 мектепті жаңғырту жоспарда бар. Бұл жоба аясында 5 жыл ішінде ауылдағы барлық 273 мектеп жаңғыртылады.

2023 жылы 6 мектепке спорт алаңы орнатылып күрделі жөндеуден өтті, нәтижесінде спорт алаңымен қамтылған мектептер үлесі 98% болды. 2024 жылы 2 мектептің ашылуына орай, 2 мектепке спорт алаңын орнату жоспарланған.

Баланың ыстық тамағы мен қауіпсіздігі назарда

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсету шеңберін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептердің 84%-ында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Биыл 50,8 мың балаға арналған ПМПК бөлімшесі, 16 логопедтік орталық, 5 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. 2027 жылға дейін инклюзияны қолдаудың 14 кабинетін ашу жоспарланып отыр.

Облыстағы мектептерді жаңа модификацияланған пән кабинеттермен қамту үлесі 84%-ға дейін артып отыр. 2023 жылы 46 кабинет (16 химия, 16 физика, 7 биология, 4 STEM, 3 робототехника) орнатылды. 2024 жылы 30 кабинет сатып алу жоспарланған. Жаңа модификацияланған кабинетпен қамту үлесі 93%-ға дейін артады, - деп айтты Павлодар облысы Білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған мектептердің үлесі 35%-дан 69,5%-ға дейін өсті.

Сонымен қатар 2024 жылы техникалық мүмкіндігі жоқ 33 мектепті Starlink интернет желісіне қосу жобасы іске асырылады. Қалған 77 мектеп «Қолжетімді интернет» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі.

Биылғы оқу жылында мемлекеттік мектептер Цифрлық оқулықтармен 100% қамтылып отыр. Ұстаздардың біліктілігі білім сапасына тікелей байланысты болғандықтан, олардың кәсіби өсуі де өте маңызды. 2023 жылы педагогтердің 38%-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жалпы білім сапасын арттыру мақсатында облыста «Қала-ауылға», «Оқу үшін оқу», «Жас ғалым», «Жақсы мектеп үшін жаңа мұғалім», «Заман. Талап. Тренд.» жобалары іске асырылып жатыр, - деп түсіндірді ол.

Аймақта 2020 жылдан бастап барлық 1-4-сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылардан шыққан 12 272 бала облыстық бюджет қаражаты есебінен тегін тамақтанумен қамтамасыз етілген.

2022 жылдан бастап, Павлодар қаласының (50 мыңға жуық) оқушысы үшін қоғамдық көлікте тегін жол ақысы ұйымдастырылды.

Өңірдің Білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина атап өткендей, білім алушылардың өмірі мен денсаулығының сақталуына жағдай жасау мақсатында білім беру ұйымдары 100%-ы қауіпсіздік жүйелермен жарақтандырылған.

Қазіргі уақытта аналогты камераларды цифрлық камераларға ауыстыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарында камераларда көзге көрінбейтін алаңдарды жою үшін қосымша бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.

Тәрбие жолында қойылған міндеттерді іске асыру арқылы тәрбиелік қызметті үйлестірудің бірыңғай жүйесі қалыптасып, барлық білім ошағында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Отбасы институтын нығайту және ата-аналар жұртшылығының рөлін арттыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен алғашқы облыстық ата-аналар форумы өтті. Облыстың ата-аналар альянсы құрылды, - деп атап өтті ол.

Колледж: Жатақхана, тегін оқу мәселелері шешілді

Облыста 44 техникалық және кәсіби білім беру ұйымында 23 172 студент оқып жатыр. Биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде 5 705 орын бөлінді. Бұл өткен жылдан 105 орынға артық.

«Жас маман» жобасы аясында 10 мемлекеттік колледж базасында 10 құзырет орталығы ашылды. «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы бойынша өңірлердің жалпы рейтингінде Павлодар облысының құрамасы 5 позицияда, облыстың қоржынына – 2 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль және 10 медальон қосылды, - деп айтты Білім басқармасы басшысы.

Жалпы жатақхана орындарын қажет ететін студентердің барлығы жатақхана орындарымен қамтамасыз етілген. Биыл 200 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

Самал Айтқазинаның берген мәліметі бойынша, 2023 жылы колледжді бітірген 5 526 түлектің 98,6%-ы жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда 29 кәсіпорын студенттерді өндірістік практикаға қабылдады, зертханалар мен шеберханаларды жабдықтады, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтып жатыр. ERG компаниясы облыстың 10 колледжіне оқу кабинеттері мен зертханалар үшін жабдықтар сатып алуға жалпы сомасы 200 млн теңге қаражат бөлді. Әлемдік чемпионатқа дайындалу үшін Ақсу қара металлургия колледжінің 3 студентінің шетелдік тағылымдамасы төленеді.

Өңірдегі колледждердің 93,2%-ы, яғни 41 колледж дуальды оқыту жүйесін енгізді. Дуальды оқыту шеңберінде колледж студенттері ақылы практикадан өтіп жатыр, олар 150 мың теңгеге дейін жалақы алады, бұл ретте практика кезеңі еңбек өтіліне есептеледі.

Самал Айтқазинаның айтуынша, «Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы» білім саласын дамытудағы проблемалық мәселелерді шешуде нақты нәтижесін беріп жатыр. Атап айтқанда, білім беру сапасын арттыруда, кадрлық әлеуетті дамытуда, білім беру ұйымдарының желісін ұлғайтуға, үш ауысымды, оқушы толымдылығы артқан мектеп мәселесін шешуде және материалдық-техникалық базаны нығайтуға үлкен септігін тигізіп отыр.

Бұған дейін Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Атырау және Ақтөбе облыстарының білім саласында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы