Астананың білім жүйесі: Проблемалар мен шешімдер

12 Желтоқсан 2023, 09:04
1379
Бөлісу:
Астананың білім жүйесі: Проблемалар мен шешімдер
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордадағы білім жүйесінде мәселелер қалай шешіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі күні Елордада 361 555 баланы камтып отырған 754 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 246-сы мемлекеттік, 508-і жекеменшік. Оның ішінде 525 балабақша, 171 мектеп, 32 колледж, 11 қосымша білім беру ұйымы және 15 арнайы білім беру ұйымдары бар.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102 білім беру ұйымына артық.

Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, Астана қаласы бойынша мәселелерді шешу мақсатында, осы жылы «Елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы» әзірленген.

Жол картаның орындалуы барысында, білім басқармасы аудан әкімдіктерімен және басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

Мектепке дейінгі білім беру саласында қандай мәселе шешілді?

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылдың басынан бастап 10 214 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Сонымен қатар келесі жылы тағы 10 000-нан аса орынға мемлекеттік тапсырыс береміз, - деді Білім басқармасы басшысы.

Сондай-ақ балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында 60 балабақша салу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмыстары басталды.

Жаңа оқу жылының басынан бастап алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан жекелеген санаттағы 10 250 балаға тегін тамақтану ұйымдастырылды.

Биыл қыркүйек айында 4 балабақшада эмоциялық-еркi жағынан және мінез-құлқында (аутизм) бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Сонымен бірге жыл соңына дейін 4 шағын орталықта инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады, - деп айтты ол.

Жол картаның тармақтарын орындау барысында, жергілікті бюджеттен қолдау таба отырып:

- 54 балабақшада шағын сәулет нысандары жаңартылды. 2024 жылы қалған 43 балабақшада ауыстырылады;

- 9 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 13 білім беру ұйымы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді;

Сонымен қатар осы жылы балабақшалардағы тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 360 педагог қайта даярлау курстарынан және 1 062 педагог біліктілігін арттыру курстарыннан өтті. Алдағы 2 жылда бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін 100%-ға жеткіземіз, - деп түсіндірді Қасымхан Сенғазыев.

Астананың білім жүйесі: Проблемалар мен шешімдер

Мұғалім тапшылығы, қауіпсіз мектеп: Жұмыс қалай реттеледі?

Білім басқармасының мәліметінше, үш ауысымды және шамадан тыс мектептердің мәселесін шешу үшін 14 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні оның алтауы пайдалануға берілді, қалған сегізі осы жылда аяқталады. 2024 жылы 37 мектеп, 2025-2027 жылдары тағы 29 мектеп салу жоспарланды, - дейді басқарма басшысы.

2023-2027 жылдар аралығында барлығы 200 мыңға жуық орынға арналған 80 мектеп салу жоспарланып отыр.

Аталған мектептердің құрылысы қаламыздағы үш ауысымды 8 мектептің және бала саны шамадан тыс 18 мектептің мәселесін толық шешеді.

Кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға 1 000 орынға мемлекеттік тапсырыс беріліп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру гранты бойынша 4 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсету шеңберін кеңейтеміз, - дейді Қасымхан Сенғазыев.

Бүгінгі күні елордада 470 мыңға жуық балаға арналған 8 ПМПК жұмыс істеп жатыр. Егер бір ПМПК – 50 мың бала есебінен ашылатынын ескеретін болсақ, қалада ПМПК жетіспеушілігі бар.

Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 2 ПМПК желісі ашылды, келесі жылы тағы 2 ПМПК желісі ашылады. Бұл өз кезегінде нормативке сай 1 ПМПК-ға 50 мың бала саны келетіндей жағдай жасайды, яғни мәселе толықтай шешіледі.

Балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында, барлық білім беру ұйымдары 100% цифрлы бейнебақылау камераларымен, турникеттермен, дабыл түймелерімен және жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар осы оқу жылында балаларды сапалы тамақтандыру үшін төрт апталық мәзір әзірленіп, 98 мектепте 95 576 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Астананың білім жүйесі: Проблемалар мен шешімдер

Білікті педагог – ол сапалы білім

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 59,7%-ды құрады, бұл алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 2%-ға өскенін көрсетті. Оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше жобалар іске асырылып жатыр. Педагогтердің біліктілігі білім сапасына тікелей байланысты болғандықтан, олардың кәсіби өсуі де маңызды, - дейді Қасымхан Сенғазыев.

Оның айтуынша, 2023 жылы 5 527 педагог пен 42 мектеп директоры біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2024 жылы 6 мыңнан аса педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтедң.

Сонымен қатар биыл 46 мектепке 107 пәндік кабинеттер сатып алынып, 95% қала мектептері жаңа пәндік кабинеттермен жабдықталды. Алғаш рет 1-2 сыныптар үшін «Цифрлық сауаттылық», «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу» пәндерінің оқулықтары электрондық цифрлық форматқа көшірілді, - дейді ол.

Қасымхан Сенгазыевтің айтуынша, елорда мектептері 100% электронды оқулықтармен қамтамасыз етіліп, олардың 214 мың оқушы қолданып жүр.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы балаларды қалай тәрбиелейді?

Қасымхан Сенғазыев елордада тәрбие жолында қойылған міндеттерді іске асыру арқылы тәрбиелік қызметті үйлестірудің бірыңғай жүйесі қалыптасқанын атап өтті.

Барлық білім ошағында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында бүгінгі күні өзекті болып отырған «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобалары іске асырылып жатыр. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайтуда, «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі», «Altyn Urpaq», «Академиялық ұтқырлық» жобалары өз нәтижесін көрсетіп келеді, - дейді ол.

Астананың білім жүйесі: Проблемалар мен шешімдер

Сөзінше, қыркүйектен бастап барлық мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылды.

І тоқсанның қорытындысы бойынша 53 мың ата-ананы қамтыған «Отбасы бақыт-мекені», «Жарасымды үштік: отбасы-бала-мектеп», «Жетістік үйірмеден басталады» атты мектеп пен ата-ана қатынасын нығайтатын жобалар жүзеге асырылды. Оқу жылының соңына дейін 100%-ға қамту жоспарланып отыр.

Алғаш рет оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көз қарасын кеңейту мақсатында әр ауысымның басында «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы бастау алды. Балалалрды көркем әдебиетпен қамтамыз ету мақсатында 2023 жылы 30 мыңға жуық көркем әдебиет сатып алынды, - дейді Қасымхан Сенғазыев.

Сонымен қатар биыл қосымша білім берумен қамту 79,9% болып, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға өсім байқалады. Соңғы 3 жылда қалада 13 қосымша білім беру ұйымының филиалдары ашылды.

Сенғазыевтің айтуына қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордада 2029 жылға дейін 15 заманауи қосымша білім беру нысандарын салу жоспарланған, оның 5-еуі алдағы жылда салынады. Бүгінгі таңда 5 нысан бойынша жер телімдері анықталып, жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қаламызға қарасты өткен ғасырда салынған толық жөндеуді қажет ететін екі жазғы демалыс лагері бар. Бүгінгі таңда 2 лагерьдің материалдық-техникалық базасы нығайту бойынша кешенді жоспар әзірленді, 2024 жылы толық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар биыл қаламызға жаңа 1 лагерь іске қосылды, - деп айтты Білім басқармасы басшысы.

Әлеуметтік-психологиялық қызметтерді жетілдіру және жүйелеу мақсатында әр ауданда ата-аналарға, оқушыларға психологиялық кеңес беру кабинеттері ашылды.

Студенттер 100 пайыз тегін оқиды

Қаламызда 32 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында 34 670 студент білім алып жатыр. 2025 жылға қарай жастар 100% тегін техникалық және кәсіби білім берумен қамтылады. Сондай-ақ шет жерден келген студенттерді жатақ орын-жаймен қамтамасыз ету мақсатында 1 000 орынға арналған «Студенттер үйі» салынып жатыр, - деп ақпарат берді Білім басқармасы басшысы.

Оның айтуынша, сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында мамандарға қажеттіліктің өңірлік картасы - жаңа кәсіптерінің атласы әзірленді. Соған сәйкес қаланың еңбек нарығында алдағы 3-5 жылда сұранысқа ие болатын мамандықтыр туралы түсінік пайда болды.

Биыл қалада кәсіпорындармен, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дуалды оқыту бойынша жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда дуалды оқыту жүйесіне 298 кәсіпорынның қатысуымен 60 мамандық бойынша 23 колледжден 4 749 студент тартылды. Бұл қала бойынша студенттердің 23%-ы, - дейді Сенғазыев.

Басқарма басшысы биыл елордалық үш колледжде алғаш рет 10-11 сынып оқушылары үшін жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілгенін айтты. Пилоттық жоба бойынша 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білім туралы аттестатпен қоса, тігінші, аспаз, авто-газ дәнекерлеуші мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Колледждер жұмыс берушілермен бірлесе отырып, кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін, академиялық дербестікке ие болды. Бүгінгі күні 477 білім беру бағдарламасы әзірленді. Студенттерді тиімді жұмысқа орналастыру мақсатында, ірі кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы бойынша жұмыстар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар осы жылы кәсіпорындар мен ұйымдардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлауға мемлекеттік тапсырыс 500 орыннан 600 орынға дейін көбейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7,5 мың студент колледжді аяқтап, оның ішінде 6,4 мың студент жұмысқа орналастырылды, - дейді ол.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, «Елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы» елордалық білім саласын дамытудағы проблемаларды шешуде нақты нәтижесін беріп жатыр. Атап айтқанда, білім беру сапасын көтеруге, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруға, елорданың білім беру ұйымдарының желісін ұлғайтуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға үлкен септігін тигізіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы