«Жүктімін» деп анықтама жасатқан әйел қамауға алынып, 5 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Бір жалған анықтама медициналық құжаттарды бақылау жүйесін өзгертті.

 polisia.kz 7 Қыркүйек 2026, 17:50
7 Қыркүйек 2026, 17:50
248
Фото: polisia.kz

Павлодар облысында жазадан құтылу үшін «жүктімін» деп анықтама жасатқан әйел 20 тәулікке қамалды.

Жүктілік туралы жалған анықтаманы пайдалану фактісі анықталғаннан кейін прокуратура медициналық құжаттарды беру тәртібіне бақылауды күшейтуге қол жеткізді.

Не үшін жалған анықтама алды?

Бұған дейін жалған анықтама мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйелге әкімшілік қамақтан жалтаруға мүмкіндік берген.

Прокуратура анықтаманың жалған екенін анықтап, нәтижесінде сот оған 20 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады. Кейіннен пара алу және дәлелдемелерді бұрмалауға қатысты кінәлі тұлға сотталды. Оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Басшылар жауапқа тартылды

Прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген себептер мен жағдайларды зерделеді. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісі бойынша 5 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 басшы қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтіліп, олардың электрондық нұсқаларын өзгерту мүмкіндігі жойылды. Осылайша, анықталған фактіге қылмыстық-құқықтық баға берумен қатар, прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген жағдайларды жоюды қамтамасыз етті, - деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Ақсуда "жүктімін" деген әйел 20 тәулікке қамалды

Тағы оқи отырыңыз:

Астанада емделуші стоматологиялық емханада ұрлыққа түсті 

17,5 млн теңге берешек: Өскеменде 53 дәрігер екі ай бойы жалақы алмаған

Балаларды қағаз жүзінде емдеген: Алматы облысында клиника директоры 66 млн теңге жымқырған

 

 

Наверх